Облыстық “Қостанай таңы” газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы АЭС құрылысына келісім беру бойынша референдумның экзит-пул деректері жөнінде пікір білдірді.
«Ұйымның мәліметтерін көріп отырмыз, халықтың 70% астамы қолдап отыр. Орталық сайлау комиссиясының қорытынды дерегі де осыдан көп алыстамауға тиіс. Қаншама азамат Қазақстанда атомды бейбіт мақсатқа пайдалану жөніндегі референдумға үн қосты. Бұл өткен айда Халық штабы өткізген науқанның нәтижесі», – дейді Кенжеш Оразғалиқызы.
Оның пікірінше, Халық штабы ел-елді аралау кезінде көп азамат өздеріне түсініксіз сұрақтарға жауап ала алды. Бұл халықпен кездесулер соңындағы әңгімелесуден көрінген нәтиже.
«Әлі дауыс беру нәтижесі толық шыққан жоқ. Бірақ осы маңызды жобаның ертеңгі жұмысы көп екенін бәріміз де біліп отырмыз. Құрылысты жоспарлау, сараптау қаншама уақыт пен қажырды қажет етеді. Қалай болғанда да біз, бәріміз дауыс беру арқылы елдегі тарихи бастаманың жүзеге асуына өзіміздің хал-қадірімізше үлес қосқанымызды біле жүрейік», – дейді Халық штабының мүшесі.