АЭС салу – уақыт талабы

АЭС салу – уақыт талабы

Бүгін Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ll республикалық форумы өтті.

Форум барысында мемлекет басшысының реформаларын іске асыру аясында өңірлерді дамытудың өзекті мәселелері, Әділетті Қазақстанды құру қадамдары, сондай-ақ АЭС салу жөніндегі алдағы референдум талқыланды.

Мемлекет басшысы:

“Орайлы сәтті пайдаланып, бірқатар өзекті мәселеге тоқталғым келеді. Бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумда халқымыз Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет пе, әлде қажет емес пе деген мәселені шешеді. Дауыс беру нәтижесі қандай болса да, бұл – айтулы уақиға. Алдағы референдум – Қазақстанда соңғы бес жылда болған ауқымды өзгерістердің тағы бір мысалы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі. АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымымды бұған дейін бірнеше рет айттым. Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берсе, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады”, – деп тұжырымдады.

Президент айтып өткендей, Атом электр станциясын салу – ұзақмерзімді жоба. Бірақ бұл бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін даярлауға жағдай жасайды. “Біз технологияны жетік меңгерген ұлтқа айналуымыз керек деп” бұған дейін айтқан болатын. Заман талабы осындай.

Оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді.

Тоты Аймағамбетова,

облыстық мәслихаттың депутаты.

Жаңалықтармен бөлісу