Қазақстанға қажетті таза энергия тапшылығын шешудің бір жолы – Атом электр станциясын салу. Бұл үздіксіз электр энергиясын өндірудің әлемдегі ең озық тәсілі саналады. Ал оны салу-салмау шешімі халық құзырына берілгелі отыр. Қоғам пікірін қақ жарған осы жоба туралы нені білуіміз керек? Мән-маңызы неде? Қай ақпаратқа сенгеніміз жөн? Облысқа жұмыс сапарымен келген Халықтық штаб мүшесі, Мәжіліс депутаты Еркін Әбілден сұрап-білдік.
– Еркін Аманжолұлы, Атом электр станциясын салудың еліміз үшін қандай маңызы бар? Қандай қажеттіліктерден туындады?
– Көптеген қажеттіліктің ішіндегі ең негізгісі – экономиканы дамыту мәселесі. АЭС салу туралы сөз қозғалғанда жұрттың ең алдымен қаражат, шығын жағын сұрай бастайтыны белгілі ғой. Мәселен, өзім Қаржы және бюджет комитетінде жұмыс істеп отырмын. Үш жылдық бюджет менің қолымда: жұмыс тобының басшысы ретінде оны жан-жақты қарау үстіндемін. Шыны керек, қазір республикалық бюджет тапшылығы бар. Оның себебі де айқын. Біздің орталық бюджетке кіріс көбіне ірі фирмалардан түседі. Ал олардың қазіргі ахуалы онша жақсы емес. Оның үстіне, біз жаңадан ірі өндіріс орындарын аша алмай отырмыз. Бүгінде тек шикізат сату емес, оны өңдеу мәселесі өте өзекті болып тұр. Президент өнімімізді екі есеге көтеру керек екенін айтып отыр. Экономикалық табыс жыл сайын алты пайызға өсуі қажет. Ал енді шикізат өңдейтін өнеркәсіпті көбейту өте көп мөлшерде электр қуатын талап етеді. Бұл саланың мейлінше дамуы керек өңір – елдің оңтүстігі. Бүкіл жұмыс күші сонда, демографиялық «тығыздық» та сол аймақта. Электр қуаты дефицитін барынша сезініп отырған да сол оңтүстік. Сондықтан ол жақта жаңа өндіріс ашуға мүмкіндік жоқ. Мұндай халге уақыт озған сайын барлық өңір душар болары сөзсіз. Демек, АЭС салудың экономикамызды дамыту мәселесіне тікелей қатысы бар. «Онсыз да мемлекеттік қарызымыз белшеден, оның үстіне тағы қарыз жамай берсек, ақыры не болады?» деген сұрақ жиі қойлады. Біз сол қаражатты қазір алып, ертеңгі пайдамызға жұмсамасақ, болашақта бүгінгі қарыздың өзін жаба алмаймыз. Шығын әлдеқайда аспандап кетеді. Зейнетақы, жалақы, жәрдемақы, шәкіртақы төлеу сияқты әлеуметтік міндеттеріміз де бар. Оның ешқайсысын азайтуға болмайды. Керісінше, жыл санап өсіп жатыр. Халық саны да артып келеді. Демек, төлем көлемі де ұлғая бермек. Бұған республикалық бюджет қаражатты қайдан алады? Әрине, тек салық түсіміне байлаулы. Сондықтан қазіргі бізге тапшылық атаулыны жабу үшін экономиканы дамыту шарт. Оның бір-ақ жолы бар, ол – электр қуатын өңдейтін жаңа кәсіпорындар ашу.
– «Неге ядролық энегрияға таңдауымыз түсті? Басқа баламаларды неге қолданбасқа?» деген екінші бір сауал туындайды…
– Балама деп отырғанымыздың бірнеше ғана түрі бар. Күн сәулесін, жел қуатын пайдаланатын станциялар, әрине, жақсы. Олардан бас тартпаймыз, салып та жатырмыз. Бірақ олар қазір 6-ақ пайыз қуат беруге қауқарлы. Болашақта мықтағанда 30 пайызға жете алса жақсы. Біз оларды одан артық, өкінішке қарай, дамыта алмаймыз. Себебі ауа райына, табиғи факторларға тәуелдіміз. Күн сәулесі күндіз бар да, түнде, яғни бізге нақ керек кезде болмайтынын жақсы білеміз ғой. Демек, оның орнын толтыратын маневрлық бір қуат көзі керек болады. Жел де дәл солай – бірде бар, бірде жоқ. Қатты жел тұрса, ол да жаман. Сондықтан күн, жел қуатына ешқашан толығымен, жүз пайыз көше алмаймыз.
Газ станциялары да өте пайдалы. Бірақ, өкінішке қарай, Қазақстан – газ тапшылығын да көріп отырған ел. Өзімізде бір де бір таза газ кен орны жоқ. Қазақстанда ол тек мұнаймен бірге өндіріледі. Ол – мұнайдың өнімін де көбейте түсу керек деген сөз. Әзірге, өйтуге мүмкіндігіміз шектеулі. Өндірген мұнайымыздың өзін кімге сатарымызды білмей отырмыз. Жалғыз құбырымыз бар. Оның сыртында, газымыз Қатар немесе Ресейдікі сияқты жер астынан ала салып, бірден сатуға жарамсыз. Оны тазарту керек. Осы себептен елде Қатармен бірлесіп, үш газ өңдеу зауытын салу жұмыстары қолға алынды. Бәрін салып шыққан күннің өзінде, барлығын қосқанда, жылына 6 млрд текше газ өңдеуге күші жетеді. Ал АЭС көмегінсіз елді электр қуатымен қамтамасыз ету үшін 27 млрд текше газ алынуы қажет. Бізде ондай ауқымды қор жоқ. Тәуекелге барсақ, газ дефицитіне ұшырап, біреуден сатып алып отыруымызға тура келеді. Біздің Ресейден басқа газ сататын көршіміз жоқ. Сондықтан салынғалы жатқан үш газ станциясын маневрлік қуат көзі ретінде қолданудан әрі аса алмаймыз.
Дәстүрлі көміріміздің де тиімсіз, шектеулі тұсы көп. Қалғандарына қарағанда, бұл таза емес. Әрбір энергиялық блокқа 300 гектар қалдық, күл-қож төгетін орын жасау керек. Мәселен, Тройцкі күлінің зардабын шегіп отырған өзіміздің Қарбалықтың проблемасын жақсы білеміз ғой. Сондықтан болашақта салынғалы жатқан үш жаңа станцияны келе-бара газға көшіру көзделеді. Жалпы, мынаны ескеру керек, газ немесе көмір станциялары 5-7 жылдан кейін жөндеуді талап етеді. Ал 20 жылдан соң жаңадан салу қажет болады. Айталық, Екібастұз электр станциясы 90-шы жылдары бір рет жөндеуден өтті, қазір екінші рет қалпына келтіру қажеттігі туындап отыр. 70 пайыз тозығы жеткен. Енді күтіп отыратын уақыт қалған жоқ, қаражат салып, жаңарту керек. Көкшетау, Өскемен, Семейде осындай станциялар салу жоспарда бар. Олардың да қызметі «өміршең» болмайтыны түсінікті. Ал өте көп ауқымда электр қуатын өндіретін Атом электр станциясы 70 жылға дейін міз бақпай қызмет қылады. Бұл өнеркәсіп, өндіріс орындарының сағатша жұмыс істеуіне кепілдік бермек. Демек, дамығымыз келсе, экономиканы ілгерілетудің АЭС салудан басқа жолы жоқ.
– АЭС салуға қарсылық білдіріп отырған жұрт та аз емес. Көбі ықтимал қатері туралы жиі айтады. Бізге ұсынылып отырған реакторлар қаншалықты қауіпсіз? Қалай жұмыс істейді, өзі?
– Әрине, қауіпсіздік мәселесінің жұртты толғандыратыны түсінікті ғой. Атом қуатына қатысты тарихымыздың оңып тұрмағаны бәрімізге белгілі. Жанымызда жарасы, санамызда салқыны, жадымызда тыртығы бар. Сол себептен халық ішінде радиофобияның болуы – заңды құбылыс. Экологиялық қауіпсіздікті кездесу сайын жұртшылықтың бірінші кезекте көтеретіні сондықтан. Екіншіден, «ертең пайдалануға берілгенде оны кім бақылайды, өзіміз бе, басқалар ма?» дегенге саятын саяси қауіпсіздік сауалдары алға шығады. Үшіншісі – «бізге мұның экономикалық пайдасы бола ма, жоқ па?» дейтін сұрақтарға негізделген қаржы-қаражат мәселесі.
Енді қараңыз, экологиялық тұрғыдан алғанда, басқаларымен салыстырғанда, ядролық энергетика ең тазасы болып саналады. Станцияның ішінде ештеңе жанбайды, ешқандай түтін шықпайды, түк те күл қалмайды. Бұл әбден жетілдірілген жаңа буын станциясы «ІІІ және ІІІ+ буын» деп аталады. Ерекшелігі сол – жылыған су сыртқа шықпайды, ішінде қала береді. Ал генераторды айналдыратын су бөлек. Ядролық қуатпен жылынатын сумен араласпайды. Радикативті су өз блогында қала береді. Сондықтан да ол таза деп есептеледі. Сыртқа ешқандай радиация тарамайды. Бұрынғы Чернобыльдегідей жағдайдың туындауы мүмкін емес, себебі бұл буын толығымен автоматтандырылған. Қандай да бір критикалық қауіпсіздікке байланысты шешімді жеке адам қабылдай алмайды. Ол жасанды интеллектің құзырында болады. Қауіп білінісімен, процесс толығымен тоқталады. Сосын, адам шығыны көп болған Чернобыльде апаттан соң сыртынан саркофаг салынды емес пе. Ал қазір саркофаг станциялардың құрылысы кезінде басынан бастап салынады. Ол – әлдеқандай жағдай бола қалса, тысқа ештеңе шықпауы үшін ойластырылған қам. АЭС салу неге қымбат десеңіз, шығынның 40 пайызы осы қауіпсіздік шараларына жұмсалады. Оның өзінде апат ықтималдығының пайызы 0,7 белгі шамасында. Білесіз бе, ол дегеніміз – 10 миллион жылда бір апат болуы мүмкін деген сөз, яғни ешқашан болмайды дегеніміз дұрысырақ қой.
Тағы бір жайт, жалпы станцияға алынатын су Балқаштың бүкіл бумен кететін суының 0,3 қана пайызына тең. Ал енді АЭС-тің сыртқа шығатыны – тек жылуы ғана. Жан-жағын жылтуы мүмкін. Ол маңайда үлкен қала жоқ, әйтпесе жылуды ЖЭО-ға жіберуге болар еді. Соны ескере отырып, әртүрлі жобалар жоспарға алынып отыр. Сондай идеялардың бірі – АЭС маңына жылыжайлар салу. Артық жылуды сол жаққа жіберіп, қоршаған ортаға әсерін азайтып, игілігін өндірісте тұтыну көзделеді. Қысқасы, станция жұмысы эколгиялық тұрғыдан таза болады. Оның жұмыс процестік элементтерін қалдыққа жатқызуға болмайды. Себебі герметикалық жабылған контейнерлердің ішінде уран қалады да, реакция барысында плутоний пайда болады. Оны қайтадан өңдеп, станция жұмысына қажетті жаңа элемент жасауға болады. Алайда, Ресейде болмаса, Қазақстанда ондай технология жоқ. Бізде тек сол элементтерді өзімізде, ШҚО-дағы Үлбі комбинатында сақтау мүмкіндігін беретін қойма бар. Жалпы, елімізде әлемдік ядролық станцияларға арналған қойма тұр. Қалдық элементтерді сол жерде сақтаймыз. Қажет болған жағдайда оларды Ресейге апарып немесе өзімізде сақтап, таза технология пайда болғанда қайта өңдеуге болады. Демек, далада жатпайтындықтан, одан да аса қорқудың қажеті жоқ.
– Әлем тәжірибесінен қандай мысалдар келтіре аласыз? АЭС қуатын тұтынып отырған елдердің қандай артықшылықтары бар?
– АЭС-тің ең көбі АҚШ-та орналасқан. Ресейде де баршылық. Сосын Франция электр қуатының 60 пайызын ядролық станциялардан алады. АЭС-терін жауып тастаған елдер де жоқ емес. Кейбіреулер «Керемет дамыған Германия бас тартты, біз неге саламыз?» дегенді алға тартып жүр. Меніңше, Германияның бұл қадамы дұрыс болмады. Олар Фукусимадағы апаттан кейін жапты ғой. Себебі оларда Ресейдің арзан газы болды. Станцияларын сонымен қамтамасыз етті. Газды да таза деуге болады, әрине. Күлі жоқ, түтіні ғана бар. Бірақ қазір геосаяси жағдай өзгерді. Енді Ресейдің арзан газы жоқ, құны өсіп кетті. Салдарынан Германия экономикасы қазір дағдарысқа тап болып отыр. Былтыр олар электр қуатының 11 пайызын Франциядан сатып алды. Бюджеттеріне ауыр соққы болғаны сөзсіз. Жұртқа да, өндіріске де кері ықпалы тиіп, көптеген кәсіпорын жабылып жатыр. Қазір Италия да осындай жағдайды бастан кешіруде. Сондықтан қазіргі биліктері өзгерсе, «жасылдар» мінберден кетсе, саясат бағдары ауысып, жабылған атомдық станцияларды ашу қайтадан қолға алынуы ғажап емес деп топшылаймын. Ал басқа елдер бүгінде АЭС салуға қарқынмен көшті. Әлем бойынша ресейлік бір «Росатом» 22 станцияның құрылысымен айналысып жатыр.
– Бізге де осы «Росатом» салуы мүмкін бе? Әлде басқа да таңдуымыз бар ма?
– Қазақстанға АЭС салуға ниетті төрт фирма бар. Қайсысымен ортақ ымыраға келеміз, қайсысы қолайымызға келеді, солармен келісім-шартқа отырамыз. Айталық, Қытай қаржылық жағынан анағұрлым арзанға түсетін ұсыныс жасап жатыр. Одан кейін Ресей, Франция, Оңтүстік Корея компаниялары тұр. Ұсыныстары күнбе-күн өзгеріп те жатады. Араларында бәсекелестік жүріп жатыр деуге болады. Алайда құн тұрғысынан барлығы деңгейлес – 10-12 млрд доллар айналасында. Қай-қайсысы да турбиналар, реакторлар жасайтын фирмасы бар санаулы елдер қатарында. Біздің оларға қойып отырған нақтылы талаптарымыз бар – станцияны кім салса да құрылысқа міндеті түрде қазақстандық материалдар пайдаланылуға тиіс, біздегі жұмыс күші жұмылдырылуы шарт, өзіміздің мамандар сол жерде іске үйретіліп, жұрт қатарлы жұмыс істеуі керек. Сондай-ақ бұл нысан мемлекет бақылауында болуға міндетті. Екінші Байқоңырға айналмауы қажет, яғни ол ешқандай да эксаймақтық статус иелене алмайды. Бір сөзбен айтқанда, бұл өзіміздің қазақстандық станция болады. Келісім-шарт барысында осы қағидалардың бәрі қатаң ескеріледі. Бір айта кетерлігі, қазір Түркияда салынып жатқан АЭС-те қазақстандық 400 маман жұмыс істеп жатыр. Араларында қостанайлықтар да бар. Ал біз елде маман жоқ дейміз. Осы саланың тілін білетін азаматтар өзімізде де баршылық. Айтқандай, Алматыда біз айтып отырған АЭС-тің шағын ғана нобайы бұрыннан жұмыс істеп келеді. Ол жерден де жыл сайын тағылымдамадан өтетін азаматтарымыз қаншама…
– АЭС салынған күннің өзінде энергия құны үш-төрт есе қымбаттауы мүмкін дегенді айтады ұзынқұлақ. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
– Әлемде АЭС салған елдердің ешқайсысы бағаны қымбаттатқан жоқ, керісінше, арзандатты. Құрылысы расында да қымбат. Бірақ ол, әлгінде айтқанымыздай, жетпіс жыл жөндеусіз жұмыс істейді. Сондықтан сол бағаны 70 жылға бөліп, соншалық мерзімге созуға болады. Көмір, газ станциясының жиырма жылдық өніміне қарағанда арзан болатын себебі сол. Ал енді оның нақты тұтыныс сомасын дәл басып айту әзірге мүмкін емес. Бірақ «үш-төрт есе қымбаттайды» деген әңгіме – фейк-ақпарат. АЭС-і бар елдегі жағдай әртүрлі десек те, әлемде электр қуатының 1 киловаты 2-12 цент аралығында.
– Өзіңіз облысқа Халықтық штабтың құрамымен келіп отырсыз. Жұмыстарыңыздың негізгі мақсаты туралы баяндап берсеңіз. Қай өңірлерге барып үлгердіңіздер? Алдағы жоспар қандай?
– Негізгі мақсатымыз – жұртты референдумға белсенді қатысуға шақыру. «Міндетті түрде барып, қолдау білдіріңдер» немесе «қарсы болыңдар» деп жатқанмыз жоқ. Халықты тысқары қалмай, азаматтық көзқарасын білдіріп, дауыс беруге үндеу үстіндеміз. Өйткені бұл демократияның тікелей бір формасы. Елімізде бұрын да референдумдар өтті ғой, бірақ бәрінің де конституцияға өзгерістер енгізуге қатысы болды. Ал күрделі, тағдыршешті, өзіміз үшін емес, болашақ ұрпақ үшін маңызы бар мәселені бірінші рет референдумға шығарып отырмыз. Бұл, бір жағынан, тарихи үлкен оқиға. Сондықтан бұған атүсті қарамай, салмақты ойға салып, дауыс беруге кеңес айтып жатырмыз. Кездесулер барысында түрлі сұрақ-сауал туындайтыны белгілі. Сол кезде барлығын түсіндіріп, жан-жақты ақпарат беру – басты мақсатымыз. «Осы референдумның керегі жоқ еді, бәрібір салу қажет, сондықтан бұған 15 млрд теңге шығын шығармай-ақ қабылдай салуға болар еді ғой» деген пікірлер де айтылып жатады. Мұндай шешім қабылдасақ та болар еді, бірақ халық оны түсінбей қалады ғой. АЭС не үшін керек, оның қаупі бар ма, тиімді жақтары қандай – осы тәрізді мәселелердің бәрінен қарапайым жұрт бейхабар болып қалар еді. «Бізбен санаспады, ақылдаспады» деп уәж айтатындар да міндетті түрде табылады дей беріңіз. Азаматтарымыздың әртүрлі фейктердің жетегінде кетіп қалмасына да кім кепіл? Мұны ашық талқыға салсақ қана жұрт мән-маңызын, пайдасының бар-жоғын түсіне бастайтыны сөзсіз. Сондықтан халықты дауыс беруге шақырмас бұрын толық ақпараттандыру аса қажет деп есептеймін.
Облысқа келген күні-ақ штаб жұмысымен Қостанай мен Рудныйда болдық. Одан әрі жеке өзім Қарабалық, Федоров, Меңдіқара, Ұзынкөл, Алтынсарин аудандарына бару, облыс орталығындағы оқу орындарында кездесу өткізу жоспарымда бар. Штабтың басқа мүшелері де өзге аудандарды аралайды.
– Сұхбатыңызға көп рахмет!
Әңгімелескен – Жандос ЖҮСІПБЕК