АЭС туралы енді айтпасам жарамас. Бұл реттегі позициям әуелден айқын. Былтыр Президент Жолдауында рефендум өтетіні жайлы сөз болғанда, мұндай стратегиялық нысанның салынғанын құптайтынымды өз парақшамда ашық жазғанмын. Бұлай деуіме өзім куә болған екі фактор әсер еткен-ді. Соны тарқатып айтайын.
«Хабар 24» телеарнасында меншікті тілші кезім. Арқалықтың әкімі Берік Әбдіғалиұлынан сұхбат алдым. Сонда ол кісі қаланың басты мәселені АТЭК екенін айта келіп, жел электр стансаларын орнату жоспарда барын, оны салу қаржыға тіреліп тұрғанын, алайда жоба жүзеге асып, тоқ бере қойған күннің өзінде моноқала үшін тиімсіз болатынын, өйткені тоқтың тым қымбатқа түсетінін айтқан еді.
–Қалайша? – дегенмін сонда көзім атыздай боп. – Текке айналып тұрған ебелектен өнген тоқ неліктен қымбатқа түседі?
«Бақсам бақа екен» дегендей оның да өз рәуаттары бар екен. Стансаларды салу да арзанға түспейді, ал оларды ұстап тұру да орасан шығынды қажет етеді. Жадым жаңылдырмаса, сол кезде дәстүрлі тоқтың киловаты 6 теңге болса, желден өнген «жасыл энергия» тұрғындарға жеткенде 26 теңгеге шығады екен… Бұны бір деңіз.
Екіншіден, былтыр жазда Өзбекстанда біраз қыдырып қайттым. Сондағы таңғалғаным тіпті Ташкенттің өзінде жарық жалп етіп жиі өшеді екен. Жарық сөнетінін ешкім ескертпейді де, тұрғындар да соған көндіккен. Мұндайды көптен көрмеген басым, берекем кетіп, кәдімгідей жүйкем жұқарған еді. «Бұл қалай?» – деп сұрағанымда, «елімізде энергия тапшы, қуатты сырттан алатындықтан» деп түсіндіргенді әкалар.
–Таңғы бесте шақырайған күндерің кешкі онда әрең батады. Жарық өшіп, желдеткіш қоса алмай шыжып жүргендерің мынау. Неге күннен қуат алатын қондырғылар орнатып тастамайсыңдар? – деп ақыл айтуға оқтала беріп, тілімді тістей қойғам.
Алдымен арқадағы азып жатқан жеріңді, азынап жатқан желіңді игеріп ал десе, жер болармын деп. Сонда ұққаным, жасыл энергия қаншалықты мол өндірілгенмен дәстүрлі қуаттың орнын толтыруы қиын және ол да арзанға түспейді.
Бір нәрсе ақиқат, адамзат бәлкім жақсы көлік мінбей, жаңа киім кимей, пәтер ауыстырмай шыдай алар, алайда тамақ ішпей, электр қуатын тұтынбай тұра алмайды. Электр қуаты бізге азық-түліктен кейінгі қажет басты қажеттіліктердің бірі. Сол себептен бүкіл әлем жанталаса балама қуат көздерін іздеуде. Қазіргі таңдағы ең тиімдісі – АЭС деп білемін, экология үшін де, экономика үшін де. Ол туралы зерттеу материалдары ғаламторда толып тұр. Қайталаудың аса қажеті болмас.
Әрине, қауіпсіздікті де ұмытуға болмайды. Бірақта ғарышты игеріп, Марсқа қол созған, ғылым-білім дамыған ғасырда, күмән-күдіктің бұлтын қоюлатып, келешек үшін маңызды іске кесірімізді тигізбесек екен.
Қалай болғанда да таңдау Сізде! Ол таңдауды 6 қазан күні жасаңыз!
Абылай МАУДАНОВ,
ҚР Жазушылар Одағының мүшесі.