Тағы да жол мәселесі талқыға түсті

Тағы да жол мәселесі талқыға түсті

Қазір еліміздегі жол жағдайы жақсарып келеді. Жетісу, Алматы, Павлодар сияқты аймақтарда төрт жолақты магистральдар сайрап жатыр. Ал, Қостанай жаққа бет алған жолаушы қос жолақты жолдардың өзін сирек кездестіреді. Осы секілді көкейкесті мәселелерді облыс тұрғындары ҚР Көлік министрі Марат Қарабаевтың алдына көлденең тартты.

«Өзге өңірлермен біздің жолдарды салыстыруға мүлде келмейді. Әсіресе, елордаға Көкшетау бағытымен қатынау қиын. Мынау тұрған Астанаға дейін жету сегіз-тоғыз сағатты алады”, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Динара Өтебаева.

Министр Астана – Атбасар – Қостанай бағытын төрт жолақты жолға айналдыру жобада бар екенін айтты. Бірақ оның ауылы әзірге алыстау. 2027 жылға жоспарланған.

 «Осы жылы Астана-Алматы жолы аяқталады. Келер жылы Жезқазған-Қызылорда бағытын тәмамдаймыз. Осы жолдарды салыстыра келгенде, Қостанай облысының шекарасындағы жол анау екі өңірге қарағанда тәуір”, – деді Марат Қарабаев.

Ал Көкшетау жағындағы жолдың 28 шақырымы қалып отыр. Сарыкөл ауданынан шыға беріс 17 шақырымы жөнделеді. Осы орайда тұрғындар Жітақарадан Ресей шекарасына қарай ел арасымен қатынаудан қалып отыр.

Чайковский елді мекенінен Мариновкаға дейінгі тоғыз шақырым жол тіпті жүруге жарамсыз. Кеңес кезінен жөндеу көрмеген бұл соқпақ та министрдің назарында екен.

«Осы сұрақ жергілікті Қазавтожол филиалымен жан-жақты талқыланды. Ол жақтағы 37 шақырым жолды жөндеуден өткізу жобасы біздегі ешқандай құжатта тіркелмеген. Келер жылы жоспарлап жүзеге асырылатын болады», – деді министр.

Кәсіпкер Абай Мұқанов бастаған азаматтар Арқалық қаласы мен Астанаға дейінгі жолдың жағдайын ашып айтты.

«Арқалықтан Державинге дейін жол жақсы. Әрі қарай жөнделмей тұрғаны елордаға жиі қатынайтын халықты мазалап келеді», – дейді Абай Құспанұлы.

Оған себеп – міндетіне салғырт қараған Державин-Атбасар-Жақсы жол құрылысына жауапты мердігерімен арадағы келісім-шарт бұзылған. Алдағы уақытта осы жұмыстарды аяқтауға жаңадан конкурс басталмақ.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу