Амангелді ауданында “Қанатты домбыра” атты жас күйшілер байқауы өтті

Амангелді ауданында “Қанатты домбыра” атты жас күйшілер байқауы өтті

Ұлт батыры Аманкелді Имановтың туғанына 150 жыл толуына орай Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Аманкелді ауданының құрметті азаматы, дәулескер күйші-композитор Айтбай Мұздахановтың шығармашылығына арналған тұңғыш рет «Қанатты домбыра» атты облыстық жас домбырашылар байқауы өтті. Оған 34 өскелең өнерпаз қатысты.Айтбай Мұздаханов – Батпаққаралықтардың мақтанышына айналған, ән-күйлері тыңдарман қауымның жүрегінен орын тапқан тұлға. Сексеннің сеңірінен асқан күйшінің қоржынында 70-тен астам күй, 60 шақты ән бар. Жарысқа қатысушылар А. Мұздахановтың авторлық күйлерін орындады. Аудан өнерпаздарынан бөлек, Қостанай, Арқалық, Лисаков қалалары мен Меңдіқара, Жанкелдин аудандарынан келген жас талаптар да өнер көрсетті. 34 қатысушы  орта (10-13 жас), үлкен (14-17 жас), ересек (18-24) топ болып үшке жіктеліп, бақ пен бабын сынға салды.Қатысушыларға әділ баға беру үшін арнайы әділқазылар алқасы да жасақталған. Олардың қатарында күйшінің қызы, белгілі күйші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Мәдениет саласының үздігі Анар Мұздаханова, Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филормонияның қазақ оркестрінің дирижері, күйші-композитор Нұрлан Бекенов және филормония домбырашысы Мұрат Сұлтанбеков, ҚР Мәдениет қайраткері, облыстық «Қазына» сыйлығының лауреаты Боранбай Әбенов бар. Бірінен бірі өткен жастардың ішінен жеңімпазды анықтау оңайға соқпағаны анық. Жарты күннен астам уақыт өткізілген байқаудың нәтижесін шығару үшін әділқазылар мың толғанды. Әр баланың домбыра қағуы мен әр нотаны таза ұстау тұрғысынан кеткен қателерді сараптау кімге де болсын қиын. Дегенмен бәрінен оза шығып, бас жүлдені Жанкелдин ауданынан келген Айназ Кемеңгерқызы иеленді. — Ұлттық өнерімізді дәріптейтін, болмысымызды айғақтайтын тамаша байқау болды. Күй – құдірет, күй – кие. Байқау өте жоғары деңгейде өтті. Барлық қатысушының дайындығы жоғары екені анық байқалды. Айназ екеуміз байқау басталады дегеннен бастап дайындық үстінде болдық. Тіпті, сенбі-жексенбі күндері демалыс көрместен түнге дейін күймен шұғылдандық. Міне, нәтижесін көріп жатырмыз. Еңбек еш кетпеді. Шәкіртім Гран При иегері атанды, — дейді жеңімпаздың ұстазы Елдос Хамитұлы.
Басқа да орын иелеріне арнайы диплом мен ақшалай сыйлық, күйшінің авторлық кітаптары сыйға тартылды.

Айта кетейік, байқауды аудандық «Саз» мектебі ұйымдастырды. Демеушілік жасаушылар – аудан әкімі Талғат Карбозов және Мұздахановтар әулеті.

Бибіт НҰРМҰХАНОВ
Суреттерді түсірген Айдын КЕНЖЕБОЛАТҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу