Қазақ баспасөзінің дамуына айрықша үлес қосқан Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп баспасөз құралдарының адамзат қоғамына қаншалық керектігін, оның ақпараттық қажеттілікті өтеудегі орынын айқындап берген еді.
Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қанат жайған қазіргі заманның өзінде де мыңдаған данамен таралып жатқан дәстүрлі БАҚ, газет-журналдар өзінің қоғамдағы орыны әлі де жоғалмағанын көрсетіп отыр. Әсіресе шалғайда жатқан аймақтардағы жергілікті басылымдар, сол газет шыға бастаған өлкенің өміріндегі жаңалықтарды, елдің тыныс-тіршілігіндегі өзгерістердің шынайы ақпаратын таратуымен халықтық баспасөз болып отырғаны жасырын емес. Жергілікті басылымның маңыздылығы да осында.
Торғай өңіріндегі баспасөздің дамуы ХІХ ғасырдағы «Тургайская газета» деген басылымнан бастау алады десек қателеспеспіз. Қазақтың ең алғашқы журналы «Айқап» пен «Қазақ» газетінің шығарушылары Мұхамеджан Сералин мен Ахмет Байтұрсынұлы да өз өңіріміздің тумалары еді.
Осы Сералиндер салған жолдан бастау алған «Ауыл», «Большевиктік жол», «Коммунизм жолы», «Торғай таңы», «Қостанай таңы» секілді облыстық газеттерде аймағымыздағы баспасөздің дамуына айтарлықтай үлесін қосты. Одан бөлек аудандық, қалалық газеттерде шығып тұрды. Солардың бірі – «Арқалық хабары» қалалық апталық газеті. «Арқалық хабарының» алғашқы номерінің шыққанына биыл 20 жыл толып отыр.
«Арқалық хабарының» алғашқы номері 2004 жылдың 6 тамыз күні басылып шыққан еді.
Газеттің алғашқы номерінде «Қадірлі оқырман» деп басталған редакция мақаласында газеттің шығу себебін түсіндіреді, бағыт-бағдарын айқындайды:
«Қазақстандағы екі мыңнан астам ақпарат құралдарының кенжесі – «Арқалық хабары» газеті – көңілі қарақты, талғамы жоғары оқырман, бүгінгі қасиетті жұма күні қолыңа тиіп отыр. Аймақтағы ақпарат кеңістігіне шығып отырған жаңа газетке қажеттілік қалалық әкімшіліктің қолдауымен туындап отырғанын зиялы қауым ұғары сөзсіз.
Жалпы Арқалығымыз бен маңайдағы елді мекендердің тыныс-тіршілігінен ұдайы хабардар етіп, ел өміріндегі елеулі оқиғалар мен көкейкесті мәселелерді, сыни материалдарды, жаңа заманның өміршең талабынан туындайтын тақырыптарды талғамы биік оқырман назарына ұсынбақпыз»
Газеттің шығуына байланысты жер-жерден құттықтаулар легі ағылды. Алғашқы номерге қала әкімінің құттықтауынан бастап, Шерхан Мұртаза, Серік Тұрғынбеков, Қонысбай Әбіл, Сейіт Кенжеахмет секілді қазақ руханиятының алып тұлғаларының құттықтау сөздері, тілек-лебіздері жарияланды.
Қалалық апталық газет болғандықтан Арқалықтың әл-ауқатын, саяси-экономикалық жағдайын, күнделікті тыныс-тіршілігі жайлы мағлұматтарды «Арқалық хабары» әр номерінде-ақ ұсынып отырды. Газеттің алғашқы редакторы – Рәзия Бикенова болды.
Газетте тұрақты айдарлар қалыптасты. «Жағымды жаңалықтар», «Қысқа қайырғанда», «Коротенько» айдарларында аймақ тыныс берілсе, «Қыңыр бұрыш», «Әлемде талай қызық бар» айдарлары шет елдердегі қызықты оқиғаларды беру арқылы, өз оқырмандарын жинай білді. 2004 жылдың 6 тамызында алғашқы номері шыққан газеттің алғашқы таралымы 2000 дана болса, арада бірнеше ай ғана өтіп газеттің 10 саны шыққанда таралымы 2500-ға жетті.
Газет жанрларын дамыту қолға алынып, очерктер мен репортаждар, заметкалар жиі-жиі басыла бастады. Көркем әдебиетке де көңіл бөлініп қаладағы жас ақындар мен тәжірибелі қаламгерлердің прозалық, поэзиялық шығармалары газет бетінде жиі көрініп тұрды. Жас газеттің жаңаша дамуына серпіліс әкелген журналистер қатарында Абылай Мауданов, Марғұлан Оспанов, Владимир Грунин, Ғанибет Ғалымбекұлы, Арыстан Айтмағамбет, Дархан Амантайлар болды.Газет жұмысына жас тілшілерден бөлек баспасөз саласында бұрыннан қызмет атқарып келе жатқан қаламгерлерде араласып, Төлеген Сейдахметов, Жомарт Нұрманов, Сабыр Қарманов, Есмұханбет Айтмағамбетұлы секілді сақа журналистердің мақалалары да басылып тұрды. Виталий Саяпин болса газеттің алғашқы шыққан жылдарынан бастап қазірге дейін газет редакциясында қызмет атқарып келеді.
Газет бетінде ұлттық сананы оятатын, еліміздің тарихы мен салт-санасын дәріптеген мақалаларда басылып, әсіресе, өлке тарихына қатысты мол мағлұматтар беретін жазбалар жиі жарық көрді. Бұл ретте ел тарихын жақсы білетін алдыңғы буын ағалардың, ел қарияларының жазбалары маңызды орын алады. Олардың ішінде Орекен Алмат, Молдатай Жапарұлы, Жұмаділ Қалиев, Шөптібай Бәйділдиндер тарихи тұлғаларға қатысты деректерді ұсынса, Кәки Ахан, Досжанов Хамит, Жәнібек Ғапбасұлы сынды ардагерлер ұлттық дәстүрлеріміз бен олардың қазіргі заманға бейімделуі жайында көбірек қалам тартқаны көрінеді.
Елде болып жатқан саяси оқиғалардың, мемлекеттің жаңа бағдарламаларының бағыт-бағдарын түсіндірген мақалалар да газет бетінде жиі жарияланды. Мұндай бағыттағы жазбалар көбіне әкімшілік бөлімдерінен келіп түсіп отырған. Мысалы, газеттің 2015 жылғы 16 қазанында шыққан санында Арқалық қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі «Дипломмен ауылға» жобасына түсінік беріп, жаңа бағдарламаға қатысты сұрақтарға егжей-тегжейлі жауаптар берген.
Газеттің екінші редакторы болған Арыстан Айтмағамбетовтің бастамасымен «Сәлем» атты қосымша беттері шыға бастады. Қала жастарының шығармашылығы қамтылып, жас талап оқушылардың жазған мақалалары, прозалық және поэзиялық туындылары, түрлі бағыттағы хабарламалары шығып тұратын «Сәлем» Арқалық қаласы әкімдігінің білім бөлімі ҚБОО баспа ұйымы болып қалыптасып, бүгінгі күнге дейін 48 саны жарық көрді. Газет өз оқырманын көбейтуге, олардың талғамына сай материалдар ұсынуда түрлі тәжірибелерге де барды. Мәселен, «Архалық хабарының» 2017 жылғы 3 қарашадағы 42 (687) номері латын әліпбиімен шығарылды.
Газеттің кемелденген уақытындағы таралымы 5000 данаға дейін жетті. Қолында смартфоны бар, әлеуметтік желіге тіркелген кез келген адам БАҚ өкілдерінің бәсекелесіне айналған қазіргі кезеңде газет өзіңнің көп оқырманынан қол үзгеніде жасырын емес. Газеттің қазіргі таралымы 1400 дана. Дегенмен «Арқалық хабары» қаламыздың хал-ахуалы жайлы ақпарат таратып келе жатқан ең сенімді бұқаралық ақпарат құралдарының бірі болып отыр. Газетте ашылғандағы бас редакторы Рәзия Бикенова болса, 2005-2014 жылдары Арыстан Айтмағамбет басқарды. 2014 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қайрат Есмағамбет газеттің бас редакторы қызметін атқарып келеді. Өзінің жиырма жылдық тарихында газеттің 1000-нан артық номері жарық көрді.
Биыл өзінің жиырма жылдық мерейтойын атап өткелі отырған газет ұжымына біз алдағы уақытта да шығармашылық табыстар тілейміз. Қаламдарыңыз мұқалмасын, құрметті жаңалық жаршылары!
Батырлан САҒЫНТАЕВ,
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі
Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының ғылыми қызметкері