Қостанай іргесіндегі ауылда әлі ауыз су жоқ

Қостанай іргесіндегі ауылда әлі ауыз су жоқ

“Ауыз су – тіршілік көзі” деп бекер айтылмаса керек.  Сусыз адамның күні жоқ. Бүгінде түр­лі мем­лекет­тік бағдарлама  ар­қылы  біраз шаруа  оң ше­шіл­генімен, түйт­кілді мәселе­лер әлі де бар.  Мәселен, Қостанай  ауда­нына қарасты Озерное ауылының  тұрғындары әлі күнге дейін сусыз отырғандарына налиды.  Амалдары таусылған жергілікті тұрғындар біздің редакциямызға шағымданды.

-Мен осы ауылда жиырма үш жылдан бері тұрамын. Жасым 74-те. Суды әлі  ұңғымадан тасып ішеміз.  Оның өзін күніне бір-ақ сағат, кешкі 4 пен 5-тің арасында ғана береді. Үлгіргендер алады, үлгірмегендер сусыз отыруға мәжбүр. Амал жоқ, қыста шанамызды, жаздың күні арбамызды сүйретіп су тастимыз. Жасы келген адамға бұл оңай емес. Біз Үкіметттен басы артық ештеңе сұрап отырғанымыз жоқ. Ауылымызға су тартып берсе, малымызды бағатын жер берсе болды, – дейді Озерное ауылының тұрғыны Жағыпар Естаев.

Бұл ауыл Мәскеу селолық округіне қарайды. Екі ортаны тек теміржол ғана бөліп тұр. Округте екі мыңдай адам тұрады. 2021 жылы қоңсылас қонған екі ауылға ауыз су құбырын тарту жұмыстары басталған еді.  Бірақ, екі жылға жоспарланған жоба кешеуілдеп жатыр. Ал ауыл тұрғындарының кейбірі  ауыз суды қаладан тасиды. Мал суаруға, кір жууға тұтынатын суды құдықтан алады.

-Екі жыл бұрын ауылға су тартады дегенді естігенде бәріміз де қуандық. Содан іле көше бойын қазып тастады. Обалы кәне, әр үйге құбыр тартып та берді. Оған біреуміз 65 мың, енді бірі 67 мың теңге төледі. Алайда, басталған іс көп ұзамай тоқтап қалды. Себебін білмейміз. Мына су алып жүрген құдықтар ішуге жарамсыз. Ащы. Тісімізден тіс қалған жоқ. Қазір оны мал суаруға, кір жууға ғана тұтынамыз. Балалар ішетін суды Қостанайдан әкеледі. Іргедегі К.Маркс атындағы колхозда суда бар, газ да бар. Екі ара бес-ақ шақырым. Сол өркениеттен жұрнақта тиіп жатқан жоқ. Соған қынжыламыз, – дейді ауыл тұрғыны Рысты Қосқолова.

Тұрғындардың уәжін теріске шығара алмайсың. Қысы-жазы бәгін сүйретіп, құдық жағалап жүрген қартаң кісілер “мына азаптан құтылатын күн бар ма?” – деп мұңдарын шағады.  Мәселенің мәнісін біз  Мәскеу ауылдық округінің әкімі Нұрлан Кузайбиннен сұрадық.

-Негізі, проблема бар. Ауылға су тарту жұмыстарын мердігерлік ұйым былтыр аяқтауы керек еді. Үлгіре алмады. Қазір негізгі жұмыстың 70 проценті аяқталған. Жекелеген үйлерге құбыр тартылды. Енді құдықтарға гидранттар орнатылуы керек. Екі ұңғыма орнатылады. Насос стансасына электр желісі тартылып жатыр. Соның бәріне  аздаған уақыт керек. Құрылыс жұмыстары биыл күзге салым бітеді. Яғни, сол кезде ауыл тұрғындарына тәулік бойы су берілетін болады, – дейді ауыл әкімі.

Әкім уәлі сөзін айтып отыр. Әзірге, жергілікті тұрғындарға күзге дейін шыдаудан басқа жол жоқ. Ресми мәліметтерге сүйенсек , өткен жылы  Қостанай ауданында 73160 адам тұратын 52 елдімекеннің 33-і сумен қамтамасыз етілді. Яғни, бұл аудан халқының 85%-і сапалы ауыз су ішіп отыр деген сөз. Биыл мұндай игілік Мичурин және Садовое ауылдарының тұрғындарына бұйырмақ.

                                                                                                                        Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу