Алтынсарин ауданының орталығына іргелес осы бір елді мекен көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізді. Негізі бұл бастама осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынып, кешеуілдеп қалған еді. Оған себеп өңірдегі табиғи шикізат қорының жеткіліксіздігі.
«Міне, тағы бір ауылымыздың қуанышына ортақ болып отырмыз. Табиғи газдың келуі осында біздің жиналуымызға үлкен себеп болды. Ел тұрмысына жаңа бір леп бергелі тұр. Елдегі табиғи газдың жеткіліксіздігі бұл жобаға үлкен кедергі болып келген. Енді ол мәселе Президентіміздің Қатар елімен ортақ келісімге келуімен шешімін тапты. Келешекте Ақтөбе жақтан газ магистралы тартылатын болады. Осылайша біздің елді мекендер көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі», – деп облыс әкімі Құмар Ақсақалов ауылдағы газ құбырын өз қолымен іске қосты.
Галина Дынская осы мекенде туып өскен, ауылының нағыз патриоты.
Елден ұзап тысқары шыққысы келмейді. Енді көшуге тіпті себеп те жоқ. Міне, ауылдарына көптен күткен газ келді. Өркениет игіліктерінің бәрі иек астында.
«Біз бұл қуанышты отыз жыл күттік. Талай рет әкімдікке хат жаздық. Әсіресе, қыстың көзі қырауда көмір жағу оңай емес. Бағасы да шарықтап тұр. Ал газ плитаның көмегімен шайың қайнаулы, тамағың асулы», – дейді Галина Дынская.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев