Жыл басынан бері Жітіқара ауданының өнеркәсіп кәсіпорындары 34,9 млрд теңгеге өнім шығарған. Бірақ, өткен жылмен салыстырғанда бір пайызға жетер-жетпес төмендеу бар. Жітіқара ауданының әкімі Аслан Жаныспаев оны геосаяси жағдаймен байланыстырды.
“Биыл нақты индекс көлемі 89,6% болды. Өткен жылы 101,3 пайызды көрсеткен еді. Көлемдердің азайуы геосаяси жағдайға байланысты тиеп-жөнелтуде төмендеу бар. Яғни, өткізу нарығының қысқаруы себеп. Мысалы, хризотол-асбест өндірісі 25,2 пайызға төмендеді. Десекте, өңдеу өнеркәсібі саласында өндірілген алтын құнының ұлғаюы байқалады”, – дейді Жітіқара ауданының әкімі Аслан Жаныспаев.
Ауданда ауыл шаруашылығы жағдайы да ақсап тұр. Жаңбыр салдарынан егін егу жұмысы тұралап қалған. Ол астық сапасының нашарлауына және құнының төмендеуіне әкеліп соғып отыр. Мал шаруашылығы да мәз емес. Өткен жылы жеке шаруашылық иелеріндегі қара малдан бруцеллез анықталып, жаппай сойып тастаған.
“Күн райының қолайсыздығына қарамастан аудан егіс науқанын аяқтады. Өңірде 233,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде, дәнді дақылдар – 193,6 мың гектар, майлы дақылдар – 28,3 мың гектар жем-шөп – 11,3 мың гектар. Картоп алқабы артты – 118 гектар (2023 ж – 43 гектар). Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары техника парктерін жаңартып жатыр. Кәсіпорындар құны шамамен 786 млн теңге болатын 12 мамандандырылған техника сатып алды”, – дейді Жітіқара ауданының әкімі.
Аудан халқы да мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, игілігін көріп жатыр. Бұл тұрғыда “Ауыл аманаты” бағдарламасының пайдасы мол.
“Ауданда халықтың табысын арттыруды көздейтін “Ауыл аманаты” бағдарламасы шеңберінде 11 жұмыс орны құрыды. 64,2 млн теңге 10 шағын несие беру көзделген. Жітіқара ауданында 57,8 млн теңгеге бағдарламаның жеті әлеуетті қатысушысы бар. Басым бөлігі мал шаруашылығын қолға алғандар. Сондай-ақ, бағдарлама аясында Чайковское ауылында көкөніс шаруашылығын дамыту бойынша “Тобыл-Тағам” ӘКК ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Несие көлемі 25 млн теңге. Кепілмен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде”, – деді ӨКҚ алаңында өткен брифингте Аслан Жаныспаев.
Сондай-ақ, ауданда шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер саны артқан. Бұл салада 6 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Биыл тағы үш жаңа нысан ашылған.
“Жұмыспен қамту шеңберінде 733 адам қамтылды. Оның 508-і екі қолға бір күрек тапқандар. Кәіптік және онлайн оқытуға 141 адам жіберілді. “Бастау бизес” жобасын 84 адам меңгеріп шықты”, – деді аудан басшысы.
Ауданда олықылқтың орнын жойып, мал шаруашылығына ден қойылуда. Жылқы және ұсақ мал өсіруге, бизнесті кеңейтуге төрт грант берілген. Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға сегіз грант қарастырылған. Бірақ жастарға арналған шағын несиені қаржыландыру тұралап тұрған көрінеді.
Сералы Мырзабай