Үрпек ауылының балалары мал сою, бие сауу, күбі пісу, қымыз баптау тәсілдерін үйреніп алды. «Қазақ ауылы» этножобасы аясында жеткіншектерге ұлттық құндылықтар мен ежелден келе жатқан тұрмыс-салт көрсетілді.
Жаңа ауыл жалпы білім беретін мектебінде оқушылардың жазғы демалысы айрықша іс-шарамен басталды. «Қазақ ауылы» этножобасына тамашалауға аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, мектеп басшылары, ұстаздар қауымы, ата-аналар және жергілікті жұртшылық жиналды.
«Осы іс-шараны аудандағы бірегей жоба деп айтуға болады. Бұл ұлттық болмысымызды насихаттаудың айқын үлгісі, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды жаңғыртудың маңызды көрінісі», – аудандық білім бөлімінің басшысы Мұрат Дихамбаев.
Жеткіншектерді ұлттық құндылықтарды дәріптеуге баулыған думанды күн қазақтың ұлттық ойындарынан бастау алды. Одан соң халық әндері шырқалып, көпшілік қыз бен жігіт айтысын тамашалады. Балалар асық ату, арқан тартыс, бестас ұлттық ойындарына ерекше ынтамен қатысқанын да айта кету керек.
Мектептегі әкелер клубының төрағасы Мақсұт Қылышбайұлының «Асық жілік» шеберлік сыныбында арнайы қой сойып, ұлдарға теріні іреу, етті мүшелеп бөлу дәстүрінен сабақ берді.
«Бұрын әкелеріміз, ағаларымыз мал сойып жатқанда жанында жүріп үйренгенбіз. Біздің елдегі тіршілік мал шаруашылығымен байланысты. Сондықтан, ер балалар мұны білгені жөн», – дейді Мақсұт Қылышбайұлы.
Ауыл ақсақалы, ардагер ұстаз Серік Үмбетұлы қазақы дәстүрге сай малға бата беріп, осы бір дәстүрді ерекше тұстарын түсндіріп өтті. Іс-шара аясында қазақтың ұлттық сусыны – қымыз дайындау дәстүрі, қымызмұрындық мейрамы ұйымдастырылды. Көп балалы ана, мектептегі аналар клубының мүшесі Тамаша Қуанышқызы қыздарға бие сауу, күбі пісу, қымыз баптау тәсілдерін үйретті. Ал аналардың қаз-қатар тізіліп, иісі бұрқыраған бал қымызды күбіге құйып, бір мезетте пісуі айрықша әсерлі көріністің бірі болды.
Ошақ басында ет асу, құрт қайнату, бауырсақтың бірнеше түрін пісіру, диірмен тарту, сөк дайындау тәсілдері бойынша шеберлік сабағы өткізілді.
Ұмытыла бастаған кейбір салт-ғұрпымыз да көрсетілмей қалған жоқ. Жүн түту, ұршық иіру, киіз басу әдістерін өнегелі әжелер немерелеріне үйретті.
Қазақ ауылын киіз үйсіз елестету мүмкін емес. Ақшаңқан үйлер думанды күннің бояуын қанықтырып жібергендей. Табақ тарту дәстүрі, ұлттық тағамдар, ойындар туралы мағлұматтар беріліп, оқушылардың танымын кеңейтті.
Айбек ТАҢАТБАЕВ
Аманкелді ауданы