Қамысты ауданына барған сапарымызда жуырда ғана ашылған шағын наубайханада болдық. Атауы – «Қамысты нан». Оны бұрын мемлекеттік қызмет саласында еңбек еткен Қуандық Салықов ашқан екен.
Бұған дейін жергілікті тұрғындар ас атасын көршілес Денисов, Жітіқара ауданынан тасымалдап келген болса, қазір наубайхананың өзінен, не болмаса жергілікті дүкендерден алып жатыр. Азғантай уақыт ішінде Жайылма, Бестөбе, Ливан ауылдарынан сұраныс артқан.
Қамыстылық Қуандық Салықов «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, тиімді пайызбен 5 млн теңге несие алды. Ол өндірісті бастау үшін әжептәуір қаражат жұмсаған.
Наубайхана Қамыстының орталық көшелерінің бірінде орналасқан. Қуандық Алпамысұлы ғимаратты наубайханаға айналдыру үшін бастан-аяқ өзгертті. Себебі бұл ғимарат бұрындары бос, қабырғасы ғана қалған. Екі жылдың ішінде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, ішіне Ресейден заманауи пеш, нан илейтін қажетті құралдар сатып алды.
“Әзірге күн сайын 100 бөлкеге дейін нан пісіріп жатырмыз. Сұраныс бар. Ашылудың алдында 1-2 күн бұрын қырық шақты бөлке пісіріп, оларды жақын маңдағы «Арсем» және «Удача» дүкендеріне жөнелттік. Ісім оңға басып келеді. Ең бастысы, мемлекеттің демеуіне ризамын. Қазір басқа да дүкен, жақын ауылдардан тапсырыстар келіп түсуде. Біздің өнімдер туралы жағымды пікірлер айтылып жатыр, соған қуанып қаласың. Наубайханаға «Қамысты нан» деп атау бердік. Алдағы уақытта біздің өнім ауданның нағыз бренді болады деп сенемін”, – деп бөлісті Қуандық Салықов.
Кәсіпкердің ендігі мақсаты – наубайханасын кеңейтіп, жұмысшы санын көбейтіп, аудан халқын сапалы өніммен қамтамасыз ету. Қазір ол өнімдерін аудандағы бірнеше дүкенге, оның сыртында жақын ауылдарға өткізеді. Тірлігі қызу наубайхананың есігі жабылмайды, кісі аяғы арылмайды.
«Осыдан екі жыл бұрын осы кәсіпті бастауға бет бұрдым. Көп уақыт ғимараттың құрылыс жұмысына кетті. «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, грант ұттым. Шағын наубайхана тәулігіне 600 бөлкеге дейін пісіруге қауқарлы. Бір күнде жүзге жуық бөлке пісіріледі. Бес жүз грамдық бір бөлкенің бағасы 150 теңге. Қамыстыда нан проблема. Себебі сырттан тасиды. Жітіқара, Денисов ауданынан тасиды. Әзірге бөлке нан ғана. Кеше батон пісіріп көрдім. Екі дүкенге жөнелттім. Тез арада өтіп кетті. Тұрғындар бірте-бірте үйреніп жатыр. Болашақта 600 бөлкеге жеткізу ойда бар», – дейді ол.
Кәсіпті ас атасы – нанмен байланыстырған Қайрат шынайы еңбектің ырысы мен несібесі мол екеніне сенеді.
«Таңғы 4-те тұрамыз. Төрт бөлек нан ашытамыз. Рецебінде ешқандай ерекшелік жоқ. Кәдімгі жоғары сортты бөлке нан. Қазір жұбайым көмекші. Ол да бұрын бұрын мемлекеттік қызметте істеген. Бәрін тастап, кәсіпкерлікке отбасымызбен бет бұрдық. Аспаз саласы бойынша арнайы бағдарлама бойынша оқып келді. Алдағы уақытта кәсіпті кеңейтіп, күлше, батон және тәтті тоқаштар пісіруді қолға алмақшымыз», – дейді Қайрат Алпамысұлы.
Келешекте шағын наубайхана аудан халқын түгелдей қамтымақ. Жергілікті билік өкілдері де ерлі-зайыпты Салықовтардың кәсібіне қолдау білдіріп отыр.
“Әзірге аудан бойынша қажеттілікті жауып тұр. Оның сыртында жақын Жайылма, Бестөбе, Ливан ауылдарын қамтып отыр. Күніне алты жүз бөлкеге дейін жеткіземіз деп жоспарлап отыр. Қосымша жұмыс күші құрылады. Әрі өзіміздің өнім. Енді ұнды жергілікті жерден пайдаланса деген ой бар. Қарабатырдағы ұн диірменінен алдырып пісірсе, сонда өнім толық өзіміздікі болар еді. Алдағы уақытта тұрақтылық қорынан өтінім жіберіп, 100 нанды арзанға сатуды жоспарлап отыр”, – дейді Қамысты ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ
Қамысты ауданы