Ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі – Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы «Мерекелік сый-құрмет» акциясы. «Қостанай таңы» газетінің қазіргі ұжымы демеушілермен бірігіп, редакция зейнеткерлерін ұлық мейраммен құттықтап, сыйлық табыс етуде. Жоба ұйымдастырушылары бүгін де қарт қаламгерлерге ілтипат көрсету науқанын жалғастырды.
Қостанай облыстық Полиция департаментінің ЖПҚБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы, майор Ботагөз Откүлбаеваның демеушілігімен, акция мүшелері Ғайнижамал апа Бердалинова мен Меруерт Сағымжанқызы Қалаусызованы құттықтады.
(Ғайнижамал Бердалинова)
Ғайнижамал Сайманқызы – «Қостанай таңы» газетінде журналист болып жиырма жылдай қызмет атқарған. Ол кісіні оқырман қауым ақын ретінде де жақсы таниды. Тілшілік қызмет атқара жүріп, ізін басып келе жатқан өскелең буынға үлгі-өнеге көрсетіп, соңынан шәкірттер ертті. Өңір тынысын газет арқылы шартарапқа насихат етуде бұл кісінің журналист ретінде қосқан үлесі зор. Бүгінде зейнеткер сексеннің сеңгірінен асқан. Еңбегі еленіп, құрметке бөленіп отырған зейнеткер демеушіге және редакция басшылығына ақ алғысын айтты.
Меруерт апамыздың есімі де қарт басылымның тарихына таңбаланды. Бұл кісі «Қостанай таңы» газетінде 1975 жылдан бастап, ұзын-ырғасы 40 жылдай табан аудармай қызмет еткен. Әр жылдары корректор, хатшы-іс жүргізуші, теруші болып жемісті жұмыс істеді. Бүгінде аяулы ана, ардақты әже болып, бір әулеттің тірегіне айналып отыр. Мереке қарсаңында мейман болып келіп, ықылас-ілтипатын көрсеткен акция ұйымдастырушыларына ерекше разылығын білдіріп, бір жасап қалғанын жасырмады.
Естеріңізге сала кетейік, акция облыстық Әйелдер күштері альянсының қолдауымен жүзеге асып жатыр.