“Қостанай қыраны-2024” турнирінің жеңімпазы анықталды 

“Қостанай қыраны-2024” турнирінің жеңімпазы анықталды 

Қазақ күресінен биылғы облыстық іріктеу турнирінің үшінші кезеңінде Арқалық балуаны Нұрсұлтан Қаблан топ жарды.

Ол финалда Жанкелдин ауданының атынан қатысқан былтырғы Қостанай  қыраны Аслан Сағитбекті кездесудің екінші минутында іліп шалу әдісімен таза құлатты.

Десе де, Нұрсұлтанның алғашқы белдесуі басқаларынан гөрі ұзаққа созылатынын ешкім күткен жоқ.

Әулиекөл балуаны Егор Чжин аса ауыр салмағын пайдаланып, қарсыласына ыңғай бермей жүріп алды. Өзі де әдіс жасауға аса құлшыныс білдіре қоймады. Кездесу тағдыры төртінші минутта шешілді. Қара күшке басып, алып ұруға ұмтылған әулиекөлдікке қызылқозылық қарсы әдіс жасап кетті. Бір сөзбен айтқанда, қарсыласын қыранша бүркіп, сол күйі тырп еткізген жоқ. Биылғы  қыранды анықтау кезеңі осындай кездесулерге толы болды деуге негіз бар.

Мәселен, лисаковтық Мақсат Ерғалиев пен Қостанай балуаны Алдияр Ербосынов арасындағы жекпе-жекте жанкүйерлердің көзімен фаворит анық болған. Алайда, кездесу барысы күш атасын танымайтынын тағы бір мәрте көрсетіп берді. Мақсат балуан ақтық белдесуге келгенде салмағы өзінен елу келідей артық Алдиярды алып ұрды. Тағы осындай текетірес қостанайлық балуандар – Кенесары Жұмағалиев пен Әділхан Нұрхан арасында тартысты өрбіді. Басында тыпыршып, ширақ көрінген Кенесары өзінен салмағы қырық келіге аз қарсыласын бірнеше секундта жығады деген сенім ұялаған. Алайда Әділхан одан гөрі епті болып шықты. Алып Кенесарыны жартылай шалып түсіргенде ду ете қалған халықтың қошеметіне одан сайын арқаланып сала берді. Бір қызығы, осы сенсация жасаған қос балауан жартылай финалға берілетін жолдаманы өзара сарапқа салды. Жартылай финалда бұған дейін қарсылас шыдатпай келе жатқан Аслан Сағитбек Мақсатты екі секундта таза жеңіп, турнирдің ең қысқа кездесуін тіркеді. Келесі күтпеген тосынсый торғайлық жас балуан Бекзат Жақсылық тарапынан жасалды. Ол күрес түрлерінен әлемнің бірнеше дүркін жүлдегері, былтырғы қазақ күресінен облыстық іріктеу турнирінің қола жүлдегері Талғат Жиентаевты бір жартылай, екі жамбас ұпайымен тізе бүктірді. Осы орайда Талғат төрешілерге шағым білдірді. Шағым қайта қаралып, екінші жартылай ұпайы жамбас ұпайына ауыстырылды.

“Мұндай қателік әр турнирде болып жатады. Ол тұста кездесуді бастан-аяқ түсіріп отыратын мамандардың көмегіне жүгінеміз”, – дейді іріктеу турнирінің бас төрешісі Азамат Ерәділов

Бекзат жартылай финалда Нұрсұлтан Қабланға есе жіберді. Үшінші орын үшін күресте Мақсат Ерғалиевті таза жеңді. Сөйтіп “Қазақстан барысына” биылғы жолдаманы Нұрсұлтан Қаблан мен Аслан Сағитбек жеңіп алды.

Нұрсұлтан аталған турнирге алғаш рет қатысып отыр. Осыған дейін дзюдо күресінен жастар арасында Азия, әлемдік турнирлерде ел намысын қорғап, жүлдесіз қайтқан емес. Ал Аслан ел намысын “Қазақстан барысында” үшінші рет қорғағалы тұр.

Жарысты бастан-аяқ тамашалап шыққан облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали өңірде бұл спорт түріне аса көңіл бөлініп келе жатқанын айтты.

“Облыста  федерация мүшелерінің қолдауымен біраз жұмыстар атқарылды. Биыл осы спорт түріне бюджеттен елу миллион теңге қаржы бөлінді. Осы жылы спартакиадаға ұлттық спорт түрлері де қосылып жатыр. Соған байланысты дайындық жұмыстары жүргізіліп, күрес залдары салынып жатыр. Соның бірі таяуда Заречный ауылында пайдалануға берілді. Қостанайдағы Юбилейный шағын ауданында да күрес залы ашылады”, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу