Қостанай облысының шабандоздар командасы “Ұлы Дала Жорығы” бірегей марафон-бәйгесінің іріктеу кезеңіне аттанды. Осы бәйгеден озық келгендер Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында өнер көрсетеді.
Облыстан бес шабандоз қатысады. Астарындағы аттары – Қостанай қазанаттары. Жарыс 19 мамыр күні Павлодар облысынан басталып, 23 мамыр күні мәре сызығы Астанада кесіледі. Күніне 100 шақырымды еңсеріп, бес күнде елордаға жетуді көздеп отыр. Айта кету керек, биыл Қостанай облысы бұл сайысқа екінші рет қатысып отыр.
“Былтыр Астана қаласынан Түркістан облысына дейін 10 атпен 1300 шақырым шауып өткен болатынбыз. Биыл жарыс ережесі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына икемделген. Яғни, бес атпен күніне 100 шақырымнан 500 шақырым шабады. Үш команда аттанып бара жатыр. Олар – Қостанай облысы, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облысының қыздар командасы. Екі аймаққа бес аттан Қостанай жылқысын беріп отырмыз. Көк туды желбіретіп қайтамыз деген ниет бар. Аттар жақсы жаратылған. Шабандоздардың да тақымы мықты”, – дейді Қостанай облысы ат спортының вице-президенті Нұрбол Әбдірахманов.
Шабандоз Арман Жылқыбай былтыр өнер көрсеткен, биыл да қатысып жатыр. Оның ат жаратып, көкпар тартып, бәйгенің айналасында жүргеніне 12 жылдан асқан.
“Былтыр Қостанай облысы “Ұлы Дала Жорығы” бірегей марафон-бәйгесіне алғашқы рет қатысты. Сол жылы бәйгеге қосқан аттардан мәреге тек 2 ат қана бірінші болып жетті. Ал шарт бойынша команданың 3 аты бірінші жетуі керек. Биылға үмітіміз мол. Дайындық жаман емес. Барынша аттарды жараттық”, – дейді шабандоз Арман Жылқыбай.
Қазақстанның әр өңірінен жасақталған 20 команда қатыспақ ниетте. Үздік үштікке енген жеңімпаздар қыркүйек айында болатын “Ұлы Дала Жорығы” халықаралық турына қатысады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ