Арқалықтықтар ұлттық қазақ күресінен жыл сайын асыға күтетін дәстүрлі «Арқалық барысы – 2024» қалалық турнирін тамашалады.
Қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің мұрындық болуымен орталық «Қайрат» спорт кешенінде өткен сайыста палуандар 2007 – 2009 жылдары туған жасөспірімдер арасында 55 келіге дейінгі және одан жоғары салмақ дәрежесінде, сондай-ақ 18 жастан жоғары ересектер арасында 55, 60, 66, 74, 82 келі салмақта, абсолюттік салмақ дәрежесінде 82 келіден жоғары салмақта күш сынасты.
Турнирдің салтанатты ашылуында спортшылар сап түзеп, еліміздің Әнұраны шырқалды.
Ән айтылып, би биленді. Қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтау сөз сөйлеп, қазақ күресінен ересектер арасында «Сарыарқа батырлары» Азия кубогінде күміс медалды қоржынға салған спортшы Жасұлан Бекболатты марапаттады.
Палуандар жас ерекшеліктеріне қарай боз кілемде ұзақты күн белдесті.
Қала және қалаға қарасты ауылдардан бақтарын сынаған спортшылар жақсы дайындықпен келгендіктерін көрсетті.
Күрестің ең қызығы түйе палуан бәсекесіне 12 палуан белдерін буды.
Жан алысып, жан беріскен айқаста нағыз мықтылар ғана шыдас берді.
Нәтижесінде күш атасын танытқан Нұрсұлтан Қабылан қарсыластарының бәрінен басым түсіп, қалалық «Арқалық барысы – 2024» турнирінің жеңімпазы атанды.
Барлық салмақ деңгейіндегі жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ел ағалары мен елге белгілі спортшылар марапаттады.
«Бүгінгі жарыстан басты орын алған палуандарысыз мамыр айының 24-26 аралығында Қостанай қаласында өтетін «Қостанай қыраны – 2024» облыстық турнирінің іріктеу сайысына қатысады», – дейді қалалық турнирдің бас төрешісі, қазақ күресінен қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Сайлау Рыздықов.
Турнирде топ жарғандар медаль, диплом және ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы