Қостанай ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға облыс орталығындағы «Керемет» тұрғын үй кешенінен жаңа пәтерлерге кіреді. Бірер айда пайдалануға берілетін баспанаға сексен отбасыны қоныстандыру туралы әкімдік пен құрылыс компаниясы арасында келісім-шарт жасалған.
Бұрынғы үйлері қалпына келтіруге жарамсыз деп танылған отбасылар қазірден-ақ болашақ пәтерлерінің жай-күйімен танысып жатыр. Ауданның жапа шеккен тұрғындары Қостанайдағы жаңа кешеннен үй алу мүмкіндігін иеленгендеріне дән риза.
«Алтынсарин ауылының тұрғынымыз. Көп балалы анамын. Сол елді мекенде мұғалім болып қызмет етемін. Үш бөлмелі үйімізді бес жыл бұрын сатып алған едік. Бірақ дәл мұндай шығынға ұшыраймыз деп ойламадық. Баспана толығымен су астында қалды. Жан-жақты көмек беріліп жатқанына қуаныштымыз. Әсіресе, таңдау мүмкіндігі ұсынылып, қаладан үй алғалы жатырмыз. Пәтерімізді көрдік, көңілімізден шығады. Енді тұрмысымыз түзеліп кетеріне шүбә келтірмейміз», – дейді Айгерім Мұсанова.
Үй құрылысымен айналысып жатқан «Айтқожинов» ЖК басшылығының мәліметінше, жапа шеккен тұрғындарға 80 пәтер бөлу ұсынылған. Бүгінге дейін солардың тең жартысына келісім-шарт жасалыпты.
«Қазір үйдің ішкі жұмыстары жүріп жатыр. 1-1,5 айда аяқталуға тиіс. Үй жоғары сапалы үлгімен салынған. Екі бөлмелі пәтерлердің ауқымы 64-68 шаршы метр болады. Ауласында ойын алаңдары, маңайында мектеп-балабақшалар бар», – дейді Данияр Айтқожинов.
Жалпы, Алтынсарин ауылында су басқан 151 үйдің 52-сі жөндеуге келмейді. Мұны шешудің екі жолы ұсынылған: сол ауылда тұрғын үй салып беру немесе Қостанай қаласынан пәтер алу. Тұрғындардың көбі екінші нұсқаны таңдаған.
«Қалған баспаналарды тексеру шараларының техникалық қорытындысы қолымызда. Қазір әр үйдің және орнықты мүліктер шығынының нақты бағасын анықтау жұмысы жүріп жатыр. Одан соң баспаналарды қалпына келтіру және қайтадан салу қамына кірісеміз. Ал қаладан берілетін пәтерлер құны су шайған үйлердің бағасына сай есептеледі. Шекті баға 22,5 млн теңгеден аспауға тиіс», – дейді Қостанай ауданы әкімі Берік Таңжарықов.
Айта кету керек, «Керемет» тұрғын үй кешенінде тұрғындарға пәтер кілтін тапсыру рәсімі облыс әкімінің қатысуымен өтеді.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ