Амандық ӘМІРХАМЗИН: «Байимын деген адамға жағдай жасалуы керек»

Амандық ӘМІРХАМЗИН: «Байимын деген адамға жағдай жасалуы керек»

Қазақстанда «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры құрылды. Оның әр өңірде өкілдігі ашылып, қызу жұмыс басталып кетті. Қордың Қостанай облысындағы филиалын Амандық Әмірхамзин басқарады. Ол бізге жаңа құрылған ұйымның жұмысы, мақсат-мүддесі туралы айтып берді.

 

– Амандық Қорғанұлы, қор туралы әлеуметтік желіде жиі айтып, жазып жатырсыздар. Бұл қор қашан құрылды? Оның бастауында кімдер тұр? Мақсаты не?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құру бастамасын басты ұстаным етіп отырмыз.

Бұл қор Қазақстанның 20 өңіріндегі мүдделестердің бастауымен құрылды деуге болады. Құрылтай өткізіп, манифестіміз қабылданды. Оппозиция да, партия мүшелері де емеспіз. Әр салада, әр жақта қоғамның мәселелерін көтеріп, былайша айтқанда, жергілікті билікке көмекші болып жүрген белсенділердің басы тоғысқан орта. Бәріміз «осы елді бірлесіп дамытайық» деген ортақ мүддеге жұмылуға бекіндік. Өйткені, Президенттің реформаларын әлі түсінбей жүрген азаматтар бар. Тіпті, бұрмалаушылар да жоқ емес. Сондай олқылықтарды реттеу жолында еңбектенеміз.

Біздің негізгі мақсат – қоғамның әл-ауқатын жақсарту. Осы бағытта пәрменді шаралар қабылдануы керек деп есептейміз. Мысалы, МӘМС-ті алайық. Оның түпкі мәнісі дұрыс. Онда айтылғандай, еңбекақыңыздың бір бөлігін төлейсіз, соған байланысты сізге қызмет көрсетеді. Әрине, біраз адамға көмегі тиіп жатыр. Бірақ жетілмеген тұстары да жетерлік. Мысалы, өзімнің жағдайымды айтайын. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеймін. Өзім тіркелген республикалық емханаға жазылып, кезек күтпей, емделіп шығамын. Ал басқа емханаларда дәрігерге бірер күн бұрын жазылып қоймасаңыз, қабылдамайды. Көз дәрігері сияқты белгілі бір маманға қаралуға жазылсаңыз, кейбір дәрігерді апталап, тіпті бір ай күтетін жайттар кездесіп жатыр. Оны күтіп жүруге уақытың болмаған соң, ақылы емханаға баруға тура келеді. Жеке мекемеде сізді күтетін маман әлгі сіз тіркелген емханада да жұмыс істейтін болып шығады. Бұл дұрыс па? Әрине, дұрыс емес. Ақшамызды төлеп отырғаннан кейін лайықты қызмет көрсетілуі керек. Біз осындай мәселелерді көтеріп, оны үкіметке, парламентке, заң қабылдайтын органдарға жеткіземіз.

Қоғамда шешілмей жатқан түйткіл көп. Республика бойынша айтпай-ақ қояйын, Қостанай облысында ауыз су, газ, мектеп, балабақша жетпей жатқан өңірлер бар, құрылыс саласында да май шаммен қарайтын мәселелер барын ешкім жоққа шығармайды. Мемлекет ақша бөлмейді емес, бөледі. Өңір-өңірге береді. Облыс басшылығы бәрін есепке алады, бақылайды, жұмыс істейді. Бірақ кей жағдайларда билік тарапынан қабылданған шешімдердің орындалмай қалып жатқаны кездеседі. Соларды ашып көрсетуге күш саламыз.

– Жүйедегі жүйесіздікпен күресеміз дейсіз ғой… Манифест туралы айтып қалдыңыз. Оның негізгі мәні осындай әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерге ғана қатысты ма?

– Әділдік пен өркендеудің жолы деп белгіленген алты қағида бар. Оның бәрін біздің сайты adildik.org.kz сайтынан оқып шықсаңыз болады. Иә, негізінен қоғамдағы осы бағыттағы мәселелерге көңіл аударамыз. Манифестіміз көп талқыланып, бірнеше ұсыныстың ішінен нақтыланып, топтастырылып барып, ел назарына шығарылып отыр. Мәселен, әуелгіде байлар туралы тармақша болған. Оны алып тастадық. Қоғамда оған қатысты кереғар пікір қалыптаспауы керек. Керісінше байимын деген адамға жағдай жасалуға тиіс. Дәулетті адам әлеуетті салық төлеуші және жұмыс беруші. Байлар көбейген сайын қоғамның тұрмысы да түзеледі.

Жұмыс беруші дегеннен шығады, біздің үндеуде еңбек адамының құқығын қорғау жөнінде де айтылған. «Қармет» кәсіпорнында (бұрынғы атауы – «Арселор Миттал») болған жағдай бәріңізге белгілі. Пайда таптың ба, жұмысшыларға да, сені байытқан елге де жағдай жасауың керек қой. Сол ескерілмегендіктен, Қарағандыдағы шахтада қаншама адам қаза тапты. Біз сол мәселені көтеріп жүрміз. Яғни, жұмыс беруші мен еңбекші адамның арасындағы қатынас, олардың еңбек шарттарын орындауы, жұмысшыларға жағдай жасауы қалай деген сияқты сұрақтарды назарымызда ұстаймыз.

Әділетті қоғам құру үшін билік ашық болуы керек, халықтың мұң-мұқтажын естіп, біліп отыруы қажет. Біз манифесттің алтыншы тармағын осы бағытқа арнадық. Мемлекеттік органдардың экономикалық, басқару ісі, әлеуметтік салаға және экологияға қатысты шешімдеріне азаматтар ықпал ете алатын түрлі тетіктерді дамытамыз деген ұстанымымыз бар.

– Қорды саяси қозғалыс деп айтуға бола ма? Байқап қарасам, қатарларыңызға белгілі азаматтардың біршамасы қосылып үлгеріпті.

– Жоқ, саяси қозғалыс емеспіз. Мемлекет ісіне араласпайтын, бірақ реформаларға қолдау көрсетіп, халыққа жеткізетін қоғамдық қормыз. Кейбір блогерлер сияқты біреулерге күйе жағып, мәселені ушықтыруға қарсымыз. Әлеуметтік желіде көріп жүрсіздер, ақ-қараны анықтамай, байбаламға салушылар арамызда өте көп. Оларды қатарымыздан көргім келмейді. Біз әр түйткілге байсалды қарап, заң аясында ғана жұмыс істейміз. Біреудің жеке басына тиісіп, жаппай тәртіпсіздікке шақыру деген болмауы керек. Мысалы, Қостанай қаласында кранның құлау дерегі екі рет қайталанды делік. Яғни, бұл жерде еңбек қауіпсіздігі сақталмай тұр деген сөз. Бұған еңбек инспекциясы назар аударуы қажет. Бір кісімен сөйлестім. Ол айтады: Әулиекөл ауданы Тимофеев ауылынан 500 метр жерде газ бар, бірақ ауылға кіргізілмеген. Бұл жерде қандай мәселе бар? Ауыл әкімі ме, жергілікті депутат па? Газ тарату компаниясы кінәлі ме? Соның бәрін анықтауға тиіспіз.

– Ал идеологиялық, руханият мәселелеріне қалай қарайсыздар?

– Жергілікті жерлерде бұл мәселемен айналысатын ұйымдар бар. Бірақ, біз түбегейлі бас тартамыз, бұған назар аудармаймыз деуден аулақпын. Қоғамдық қабылдауымызға осыған байланысты жағдайды айтып келген азаматтар болса, бетіп қақпай, жол көрсетуге, тиісті орынға жеткізіп айтуға көмектесеміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Аслан ҚАНҒОЖИН

Суретті түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу