Қостанайға еліміздің әр түкпірінен келіп жатқан гуманитарлық көмек легі толастар емес. Діни істер басқармасының басшысы Ерлан Теменовтің айтуынша, бүгінге дейін облысымызға барлығы 1 295,3 тоннадан астам көмек келген.
“Бүгін Тараз кәсіпкерлік корпорациясы екі фура көмек алып келді. Оларға қырық тоннаға жуық азық-түлік өнімдері мен қажетті заттар тиелген. Жолда Шымкент қаласындағы спортшылар беріп жіберген бір фура келе жатыр. Алматылық азаматтардың аманатымен тағы бір көлік жолға шықты”, – дейді Ерлан Теменов.
Әзібек Сәтбек тасқын судан зардап шеккендерге жиырма тонна пияз алып келгенін айтады.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің проректоры Нұрлыхан Темірбековтің айтуынша, оқу орнының спорт залы облыс әкімдігінің ұсынысымен босатылып, гуманитарлық көмек пунктнің штабына айналды. Содан бері 150 тонна гуманитарлық көмек жиналған.
Бұл көмектер Қостанай қаласы мен Қостанай ауданының су басқан аумақтарының тұрғындарына таратылып жатыр.
Қайырымдылықтан өз үлесін алғандардың бірі — қала тұрғыны Орынғали Жамбылұлы.
Ол Дачный көшесіндегі үйде зайыбы екеуі ғана тұрады. Өзі екінші топтағы мүгедек.
“Айналамызды сол күні су басып кетті. Далаға шығудан қалдық. Өзім жетпіс мың ғана жәрдемақы аламын. Кемпір екеуміздің табысымыз отын-судан артылмайтын. Қазір сол көмір қора мен лапас суға толды”, – дейді ақсақал.
Әлия есімді келіншек Мичурин ауылының тұрғыны. Кезіндегі кірсе шыққысыз аядай ошағының бір тәулікте түгі қалмағанын айтып отыр.
“Қазір бар тапқан-таянғанымды пәтер жалдауға жұмсауыма тура келеді. Баспана жағынан қолдау білдіреміз деп те жатыр. Бұл көмек біз үшін үлкен демеу”,– дейді ауыл тұрғыны.
Жалпы, осындай шалғай елді мекендердегі жандарды уақытша баспанамен қамту әлі де жүргізілуде.
Облысқа осы аптада 90 киіз үй жеткізілген. Аманкелді және Жанкелдин аудандарына 50, Қостанай қаласына 40 киіз үй бөлінді.
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков