Қостанайлық еріктілер табиғи апатпен күресте нағыз ерлік көрсетті. Солардың бірі – өзгелерге күш-жігерін де, уақытын да аямай, қол ұшын созған Қостанай қаласының тұрғыны Полина Ли.
Ол сын сағатта ерікті көмекшілермен бірге апатқа төтеп беруге көмектесті.
Бойжеткен бес жылдан бері волонтерлік қызмет атқарып келе жатқанын айтады.
Су тасқыны туралы естіген Полина бірден басқа еріктілер сияқты зардап шеккендерге көмекке аттанады
“Су тасқыны – бұл үлкен табиғи апат. Онымен күресу оңай болған жоқ. Бұл апат, әрине, зиян келтіретінін білдім, бірақ бәрін өз көзіммен көргенде, расын айтсам, қатты қорқып кеттім, залал мұндай алапат болады деп ойламаппын”, – дейді батыл қыз.
7 сәуірде Қостанайда облыстық жастар ресурстық орталығының базасында түрлі ұйым еріктілерінің достық бірлестігі құрылғанын еске алады.
«Оқиға орнына барған кезде, судың тұрғын үйлерге қаншалықты тез жақындап келе жатқанын көргенде қатты шошыдым. Алайда жанымдағы мықты, өз ісін білетін, қайсар адамдарды – мемлекеттік қызметкерлер, медицина қызметкерлері, құтқарушылар, жеке меншік кәсіп иелерін көргенде, жүрегім орнына түсті. Айналамда тек мықты, қайсар адамдар болды. Олар құмнан бөгет орнатып, қапшыққа құм салып, жолдарға төсеуде денсаулықтары мен күштерін аяған жоқ. Сол күндері біздер төрт күн дерлік 2-3 сағаттан ғана ұйықтап жүрдік”, – дейді ол.
Қазір су тасқынының шарықтау шегі өтті, бірақ алда әлі талай жұмыс бар, ол үшін де еріктілердің көмегі қажет.
Қазір облыста 1000-ға жуық ерікті жұмылдырылған. Гуманитарлық көмекті қабылдау пункттерінде волонтерлар азық-түлікті түсіріп, сұрыптап, таратады.
Жалпы су тасқыны кезінде Қостанай облысы бойынша 3 мыңнан астам ерікті жұмылдырылды. Олар Қостанай, Арқалық қаласы, Аманкелді, Жанкелдин және Қостанай аудандарына жіберілді.