ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева жұмыс кестесін Amanat партиясының облыстық филиалы кеңсесінде бастады. Жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен кездесіп, кейін тұрғындарды қабылдады.
Халық қалаулысының жұмыс сапарының мақсаты айқын – су тасқынының салдарымен күресуге көмек көрсету жолдарын қарастыру, жапа шеккен тұрғындардың жағдайымен жақынырақ танысу. Төтенше жағдай кезінде ең өзекті болып тұрған мәселелерді тізімге алып, жерлестердің қалау-тілек, өтініш-ұсыныстарын тыңдау да міндетіне кіреді.
«Алапат су тасқыны биыл Қостанай облысының бірнеше өңіріне ауыр соққы жасады. Табиғи апаттың салдарымен күресу, әлбетте, оңайға түспейді. Дегенмен, өздеріңіз хабардар болып отырсыздар, Мемлекет басшысы зардап шеккен бірде-бір адам жәрдемсіз қалмайтынын айтты. Шығынға ұшыраған жұртшылықтың ахуалын тыңдап, қандай да бір күрмеулі мәселелер болса, соны жоғарыға жеткізуге ықпал жасауды мақсат етіп келіп отырмыз. Әзірге, шығын көлемін есептеу жұмыстары басталған жоқ, ал біз оған дейін барлық мәселенің шешімін табу механизмін жан-жақты қалыптастыруымыз керек», – деді дептутат.
Ол су тасқынына қатысты соңғы жағдайды білу үшін облыстық Полиция департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Цифрландыру басқармасы өкілдерінен есеп сұрады. Кейбір түйткілді мәселелер жөнінде қос тарапты диалог өрбіп, депутат бірнеше салаға қатысты ұсыныстар мен өтініштерді түртіп алды.
Бұдан соң Е.Смышляева су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды қабылдап, мәселелеріне құлақ түрді. Депутаттың алдына келген жұрттың бәрінің басындағы хәл ұқсас. Барлығының да баспанасы мен дүние-мүлкін су шайып кеткен. Бірі туыс-туғандарын, енді бірі эвакуациялық пунктерді паналап жатыр. «Үйдің жайы қалай шешілер екен?» деген сұрақ бәрін алаңдатады. Мәселен, Надежда Пришвина есімді әйел КЖБИ ауданы жағындағы «Көктем» саяжай қоғамында тұрған. Жеті жыл бойы салған үйін тасқын екі-ақ сағаттың ішінде тас-талқан етіп кеткен.
«Сол ауыр көрініс әлі көз алдымда. Алқымымда өксік әлі кептетіліп тұрған сияқты. Жап-жаңа үй еді. Үлкен ұлым, мүмкіндігі шектеулі балам және жұбайыммен тұрып жаттық. Апат ойда жоқта басталып, шатыры ғана көрініп, су астында қалды. Бүкіл құжаты қолымызда бар. Жеке тұрғын үй ретінде тіркелген. Ендігі тағдырымыз не болмақ? Қайтадан үйлі болатын мүмкіндігіміз бар ма?» – деді көңілі босаған Надежда.
Депутат ең бастысы, тиісті орындарға өтініш түсіріп қоюға кеңес берді. Бағалау комиссиясы жұмысты бастағанда үй-жайдың, мүліктің құнын есептеп, қожайынға тиесілі өтемақы сомасын анықтап береді.
«Мұндай жағдайда сіздердің екі таңдау бар. Сол орынға жаңадан үй салу немесе басқа баспана санып алу үшін қаржы түрінде өтемақы иелену. Таңдау өздеріңізде болады. Егер қажетті құжаттар түгел болса, міндетті түрде компенсация аласыздар. Оны, әлбетте, депутаттар төлемейді. Біздің міндетіміз – сіздердің өтемақы алуға құқылы тұрғындар тізімінен табылуларыңызға қам жасау», – деді Е.Смышляева.
Ол қабылдауға келген адамдардың барлығын құр қол қайтармай, киім-кешек, азық-түлік салынған пакеттер сыйлады.
Айта кетейік, депутаттың жұмыс сапары екі күнге ұласады. Қостанай, Қарасу аудандарындағы елді мекендерді, Қостанай-2 шағын ауданын араламақ.