Арқалықтағы су басқан ауылдармен қатынас орнатылды

Арқалықтағы су басқан ауылдармен қатынас орнатылды

Қала әкімі Әмірхан Асанов су тасқынынан зардап шеккен Қызылжұлдыз, Екідің ауылдарына барып, елді мекендердің қазіргі жағдайымен танысты.

Тосыннан келген табиғи апаттан Қайыңды ауылдық округіне қарасты Қызылжұлдыз ауылы түгелдей дерлік су астында қалған болатын.

Әкім тұрғындармен жүздесіп, апаттан келген шығынды өтеу жолында атқарылып жатқан жұмыстардың жайын баян етті.

Екідің ауылында қала әкімі Қостанай облыстық мәслихатының депутаты Абыл Ерденовпен бірге су басқан жолдарды, бүлінген көпірлерде болып, тасқын судың келтірген зардабын көрді.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек барысы жайлы ақпарат беріп, қойылған сұрақтарға жауап берді.

 

“Қазіргі таңда су басқан ауылдармен қатынас орнатылды. Тасқыннан келген шығынды өтеу жолында жұмыстар атқарылып жатыр. Су шайған көтерме жолдарда бір ізді уақытша жол салынып, қалаға жан – жақтан келген гуманитарлық көмектер мұқтаж жандарға таратылып берілуде”, – деді әкім.

Екідің ауылына қатынас пароммен өткізіледі. Ауылдардың электр жарығынсыз қалған қыстақтарына генераторлар жеткізіліп жатыр.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

                                                                                                 Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу