Қостанай облысында су тасқынының шарықтау шегі өтті

Қостанай облысында су тасқынының шарықтау шегі өтті

Бүгін  Каратомар су қоймасынан судың ағу жылдамдығы  секундына 1950 текше метрге дейін төмендеді. Жоғарғы Тобыл мен  Желқуар су қоймалары да бақылауда.

Облыс аумағында Қостанай, Қарасу аудандары мен Қостанай қаласында 161 үй су астында қалды деген ақпарат келіп түсті. Су басу қаупінің сақталуына байланысты Тобыл және Түнтегір өзендерінің бойындағы елді мекендер үнемі биліктің назарында.

“Еріктілер мен бейжай қарамайтын азаматтар су тасқынына қарсы іс-шараларда тәулік бойы атқарып, айтарлықтай көмек көрсетуде. Табиғи апатқа қарсы күресте белсенділік танытып келе жатқан жандарға шын жүректен алғыс білдіремін. Су тасқыны жағдайына мониторинг жасау жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай бақылауда”, – деді бұл туралы  облыс әкімі Қ. Ақсақалов.

Қазір облыс орталығына 2 кірме жол әлі де жабық. Қозғалыс орталық көпір арқылы жүзеге асырылып жатыр.

9 сәуірге қараған түні су тасқыны кезінде орнатылған құбыр алынды. Жабық көпірлердегі қозғалыс Тобыл өзеніндегі су деңгейінің төмендеуінен кейін қалпына келтірілетін болады. Осыған дейін облыста  9 жолда қозғалысы  қалпына келтірілді. Су тасқыны кезінде барлығы 24 бағыт бойынша жол қозғалысы шектелген болатын.

Су тасқыны кезеңінде шамамен 795 068 мың м3 еріген қар суы сорылып, 86 754 мыңнан астам қап және 7 351 тонна инертті материал төселді.

9097 адам құтқарылып, эвакуацияланды. 759 адам уақытша орналастыру пункттеріне орналастырылды.

Федоров, Қарасу, Қостанай, Әулиекөл, Сарыкөл, Науырзым аудандарында және Қостанай қаласында еріген қар суын сору, қап төсеу жұмыстары әлі де жалғасу үстінде.


Өңірде су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына көмек көрсету жұмыстары басталды Қалалық, аудандық әкімдіктерде табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге келтірілген материалдық залалды өтеу туралы өтініштерді қабылдау ұйымдастырылуда. Оларға біржолғы әлеуметтік төлемдер жасалып, демеушілік, гуманитарлық көмек көрсетілді.


Ол үшін мүлікке келтірілген зиянның мөлшерін бағалау жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді.
8 сәуірдегі жағдай бойынша 587 отбасына 107,3 млн теңге сомасында әлеуметтік көмек төленді.

Жаңалықтармен бөлісу