Алтынсарин ауданында өткен жылдардағы тәжірибені ескере отырып, Ілияс Омаров атындағы ауылдық округінің Шоқай ауылы мен Свердлов ауылы су тасқыны құбылыстарына бейім аумақ ретінде анықталды.
“Көктемгі қардың жаппай еруінен Қарағайлы өзені суға толып, жанында орналасқан Шоқай ауылын су басу қаупі төніп тұр. Осыған байланысты елді мекендердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету, су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың уақтылы алдын алу және жою үшін іс-шаралар жоспары әзірленді”, – деді аудан әкімі Арнұр Сартов.
Су тасқынына қарсы жедел штаб құрылды. Оның құрамына аудандық ұйымдардың, кәсіпорындардың, мекемелердің басшылары бар.
“Құтқару, авариялық-қалпына келтіру және басқа да шұғыл жұмыстарға уақтылы әзірленген 10 азаматтық қорғау қызметі жұмыс істейді. Онда төтенше жағдайларды жоюға тұрақты ден қоятын арнайы жасақ, 16 техника және жеке құрамның 54 адамы дайын тұр”, – дейді Арнұр Сартов.
Шоқай ауылында рейдтер мен жиындар өткізіліп, су басу қаупі туындаған кездегі әрекет ету ережелері, оның ішінде тұрғындары хабардар ету тәртібі, эвакуациялау үшін қауіпсіз орындар дайындалғаны туралы жадынамалар тапсырылды. Қажетті құжаттар мен заттардың тізімі анықталды.
Ол жердегі Қарағайлы мектебінде басқару пульті дайындалды. Су басу аймақтарынан эвакуациялау схемасы әзірленді. Уақытша орналастыру орындары дайындалды. Эвакуацияланатын халықтың тізімі де (Шоқай ауылынан 21 адам, 7 үй) нақтыланды. Үй жануарларын айдап апаратын орындар да әзірленді (Шоқай ауылы – Қоғамдық карда, Свердлов ауылы – “Жаңабек” ЖШС мал шаруашылығы базасы).
Шоқай ауылында тұрақты дайындық режимінде 1 экскаватор, 1 тиегіш, 1 КамАЗ, 1 К-700 , Свердлов ауылында 1 К-700, 1 шөмішті К-700, 1 тіркемесі бар КамАЗ, 1 МТЗ техникасы сақадай сай тұр.
Алтынсарин ауданы