Су тасқыны облыстың барлық өңіріне қауіп төндіруі әбден мүмкін

Су тасқыны облыстың барлық өңіріне қауіп төндіруі әбден мүмкін

Қостанай облысында су тасқынынан келетін қауіп өрши түсуі ықтимал. Өйткені “Қазгидромет” мамандары бүгіннен бастап сынап бағанасы көтерілетінін болжап отыр. Мұның салдарынан облыстағы басқа өңірлерге де тасқын-селден қатер төнуі мүмкін.

“Сақтықта қорлық жоқ”. Облыстың оңтүстік аймақтарындағы қиын жағдай басқа аудандардың халқының басына түсуі ғажап емес. Бұлай деуімізге ауа райын болжаушы мамандардың соңғы жорамалы себеп болып отыр. 31 наурыздан бастап ауа температурасы +20 градусқа дейін артуы мүмкін. Оның үстіне, облыстың шығыс және солтүстік аймақтарында жауын-шашын түседі делініп отыр. Мұның салдарынан Әулиекөл, Қарасу, Сарыкөл, Алтынсарин, Қамысты, Меңдіқара, Ұзынкөл аудандарына тасқын қаупі төнбек. Ал Арқалық, Аманкелді, Жанкелдин аумақтарындағы ахуал қайтадан қиындауы ықтимал.

“Сонымен қатар, “Қазгидромет” болжамы бойынша, Ресей Федерациясының ірі өзендері арқылы су ағыны көбейеді деген күдік бар. Егер көрші елден су көп көлемде келер болса, онда Жітіқара, Денисов, Қарабалық, Федоров, Б.Майлин және Қостанай аудандарына да қауіп төнеді. Сондықтан жергілікті органдардан тасқын қатерін төмендету үшін барлық қажетті шаралар кешенін жүргізуді, тұрғындарды эвакуациялау, үй жануарларын қауіпсіз жерге шығару орындарын және маршрутын анықтауды сұраймыз”, – делінеді облыстық ТЖД хабарламасында.

Аталған ведомство облыс тұрғындарына да ескерту жолдап отыр. Қар белсенді ерімей тұрып, үй-аула маңын мейлінше тазартып, қар-мұзды тысқа шығарып, суағарларды тазалап қоюға және қажет болған жағдайда эвакуацияға даяр отыруға кеңес беріледі. Алда-жалда үй-жайға су кіріп, ағын ырық бермей кетсе, электр қуатын ажыратып, қажетті жиһаз-мүлікті ертерек су тимейтін биік жерге (жоғары қабатқа немесе үй төбесіне, т.б.) шығарып қою керек екенін де айта өтті мамандар.

Айта кетейік, әзірге су тасқыны оңтүстік өңірлерге айтарлықтай залал тигізді. Табиғи апатпен күрес толассыз жүріп жатыр. Сондай-ақ ықтимал қауіптің алдын алу мақсатымен Қарасу ауданына құтқарушылар жасағы жіберілді деген ақпарат бар.

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу