“NurCom Building” ЖШС Қостанайдағы Победа көшесіндегі жалпы көлемі 0,7 га жер учаскесінде 11 қабатты тұрғын үйдің құрылысын жүзеге асыруды қолға алған болатын.
Былтыр желтоқсан айында құрылысқа жауапты мердігер Иван Марар қала әкімі Марат Жүндібаевқа сол 11 қабатты үйдің жанынан басқа нысан салу жоспарланбағаны туралы айтып, тұрғындарды сендірген еді.
Алайда әлеуметтік желілер мен БАҚ-та ЖШС маманы ол жерлерді “Нивелир” геодезиялық құралымен өлшеп жүргені туралы бейнежазба тарап кетеді. Көрші үйлердің тұрғындары маманның іс-әрекетін басқа нысанның құрылысына дайындық ретінде қабылдап, шағым білдіріп отыр.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі бұл жерде әкімнің ұстанымы өзгеріссіз қалатынын хабарлайды.
“Осы аудандағы жер учаскесінде салынып жатқан құрылысты ескере отырып, Қостанай қаласының әкімдігі 19 қабатты тұрғын үйдің құрылысын қолдамайды”, делінген хабарламада.