Жүйелі жұмыс болмай, нәтиже шықпайды

Жүйелі жұмыс болмай, нәтиже шықпайды

Бүгінде облысымыздың спорт саласында нақты жүйе жоқтың қасы. Соның салдарынан көптеген мәселелер туындап отырғаны жасырын емес. Бұл туралы облыс әкімінің қатысуымен өткен дене шынықтыру және спорт басқармасының алқа отырысында сөз болды.

Жуырда Франция астанасы Париж қаласында олимпиаданың жалауы желбіремек. Ал біздің облыстан жалғыз үміткер осы сынға дайындалып жатыр. Мәселен, спорттың су добынан облыстық құрама жыл бойы үздіктердің қатарында болғанымен, ол спортшыларды дайындайтын арнайы алаңдардың болмауы түсініксіз.

«Олимпиадалық спорт түрлеріне жиі көңіл бөлуіміз керек. Қаражат, ғимарат жағын қарастыруға болады. Одан кейін нақты нәтиже де күтеміз», – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Тағы бір жағдай, гандбол спортының командалық жарыстардың тізімінен алынып тасталуы дау тудырып тұр. Бұған дейін облыс құрамасы бұл бәсекеден ешқандай командаға жүлде ұстатпайтын.

«Командалық спорт түрлері бір-бірінен кенжелеп қалмауы тиіс. Ол үшін тұрақты команда жинақталуы қажет, оған жағдай жасалуы керек. Сосын ол ұжымдар бөлінген балансты ақтап алса, нұр үстіне нұр. Бұл спорт түрін жандандыру үшін спорт басқармасыда әртүрлі жоспар бар. Алдағы спартакиадаға осы спорттың қосылғанын қалаймыз», – деп атап өтті облыс әкімі.

Алайда қысқы спорт түрлеріне өңірде жақсы көңіл бөлініп келеді. Арнайы базалар салынып, спортшылардың емін-еркін жаттығуына тамаша жағдай бар.

«Өткен жылы облыстың ауылдық жерлерінде 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Оның 3-і жұмыс істеп тұр, ал қалғандарының құрылысы биыл аяқталады. Спортты дамытуға 2024 жылы 21,9 миллиард теңге бөлінді», – деді әкім.

Биыл облыстың 9 өңірінде 11 спорт кешенін, 3 хоккей құрылысын салу және 2 спорт нысанын қайта жаңарту қолға алынды. Сондай-ақ, бөлінген қаржыландырумен үстел теннисі орталығының құрылысы бойынша жоба жүргізілді. “Осминог” аквапаркін қайта құру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Ал жазғы спорт түрлеріне, оның ішінде жекпе-жек спорт түрлеріне дұрыс назар аударылмай отыр.

«Өңіріміздегі палуандарды дайындайтын арнайы база жоқ. Балаларымыз республикалық жарыстарға сыртта дайындалады. Әсіресе, бұл қиындық облысымыздың оңтүстік аудандарындағы спортшыларға қатты тиіп отыр. Оның үстіне саны бар, сапасы жоқ спорт мектептерінің бюджетті оңтайландыру жүйесі дұрыс жолға қойылмаған. Сол мәселені қолға алсаңыздар», – деді Лисаков қаласындағы спорт жанашыры, дзюдо күресінен аға жаттықтырушы Қайрат Берденбек.

Осы кедергілердің салдарынан өңірдегі спортта нәтиже болмай отырғанын өңір басшысы да тілге тиек етті. Басқа облыстармен салыстырмалы түрде алып қарасақ, республикалық жарыстардағы көрсеткішіміз айналдырған жиырма өңірдің  ішінен он бесінші сатыда екен. Алайда, қаражат жағы бөлудей-ақ бөлініп жатыр.

«Бізде жалпы көрсеткіштің аса төмен екенін көрсететін дәлелдер көп. 1994 жылдан бері қысқы-жазғы олимпиада ойындарына 29 ғана қостанайлық спортшы қатысқан. Мана бұл облыстың таланттары басқа жақтарға кетіп қалып жатқанын айтып жатырсыздар. Ол олқылықты жою мақсатында ай сайынғы қаржы көлемін ұлғайтуды ұйғардық. 2022 жылы республика чемпиондары мен олимпиадаға қатысқандар ай сайын 103 мың теңгеден алса, биыл 221 мың теңгеден алатын болады. 25 жасөспірім басқа аймақтардың интернаттарында оқып жүргенін білеміз. Алдағы уақытта ол оқушыларымызды кері қайтарып, өзімізден спорт интернаттарын ашуымыз керек. Нәтижесін енді көріп жатырсыздар. Біздің өңір былтыр республикалық спартакиадада он бесінші орынға тұрақтады. Грек-рим күресінен он төртінші, еркін күрестен он екінші, бокстан он сегізінші, үстел теннисінен тоғызыншы орын алды. Спортшыларымыз сайыстың он екі түрінен ғана өнер көрсетті», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Еліміздің дзюдо күресінен еңбек сіңірген жаттықтырушысы Абай Сарыбаев та осы спорт мектептерінің кемшіліктерін растап отыр.

«Келесі олимпиадаға біздің облыстан бес-алты спортшы бар. Осы жердегі мәселе, өздеріңіз білесіздер, министрліктен былтыр хат келді. Сол регламентке сәйкес, он сегіз жасқа толған тәрбиеленушілерді барлық спорт мектептерінен шығарып тастады. Енді бізде он екі бала қалды. Оларға шығып қалған  спортшылардың деңгейіне жету үшін қаражат керек. Біздің басқарманың бюджеті отыз миллион теңге. Енді қарап тұрсақ, бір жарыстың өзінен бір миллион теңгеге артық шығындаламыз. Былтыр біз  төрт Қазақстан чемпионатын алдық, спартакиада чемпионы болдық. Еліміздің бір күміс, төрт қола жүлдегерін шығардық. Төрт оқушымыз жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысып келді. Жастар арасында екі спортшымыз қатысты. Екі баламыз студенттер арасындағы универсиадаға барды. Осы орын алған балаларды бізде әзірге ынталандыру болмай тұр. Ол үшін басқа облыстардағыдай арнайы шәкіртақы бөлінсе, спорт мектептеріндегі он жеті-он сегіз жастағы балардардың басқа жолға түспеуіне қолдау болса деген ұсынысым бар», – деді облыстық құраманың аға жаттықтырушысы Абай Таңатқанұлы.

Қостанай қаласының тұрғыны Сәуле Қуанбек өңірге жеңіл атлетикадан дайындық өткізетін қысқы базалар қажеттігін көтерді.

«Қазіргі таңда жеңіл атлетикадан өңірдегі көрсеткіш мүлде төмендеп кетті. Тіпті жарыс өтпесе де “өткізілді” деп есеп беретін кездер болады. Салдарынан жүлде қоры азайды. Оның басты себебі, күн суытқанда  арнайы дайындалып, жарыс өткізетін алаң тапшы. Жаз мезгілдерінде балалар демалыста болады. Білікті мамандар спорт мектептеріндегі балаларды жертөлелерде дайындауға мәжбүр. Сол үшін қыс уақытында айналысатын жабық алаңдар салыну қажет», – деді қала тұрғыны Сәуле Қуанбек.

Өңір басшысы қаржылай қолдау республикадағы орта көрсеткішпен өлшенетінін атап өтті.

«Әрине, қолдау болмаса, нәтиже де болмайды. Бұл мәселелерді түбегейлі шешу үшін сала басшыларына жан-жақты сараптама жасауды тапсырамын», – деді облыс әкімі.

Жиында дене шынықтыру және спорт басқармасының алдағы жоспары тыңдалды. Биыл Қарабалық ауданында өткізілетін облыстық спартакиаданың дайындық барысы таныстырылды. Жуырда халықаралық, республикалық жарыстарда   облысымызға жүлде сыйлаған спортшылар марапатталды.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу