Жалпыға бірдей декларациялау мәселесі қарастырылды

Жалпыға бірдей декларациялау мәселесі қарастырылды

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларациялау енгізілді. Оның негізгі міндетіне әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру, жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету жатады.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Шынар Жұмабайқызы айтып берді. Басқарма басшысы 2024 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны кімдер тапсырып, қандай мәліметтерді көрсету қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар, құжаттарды ұсыну тәсілдері мен мерзімін, декларацияны тапсыруға дайындық кезеңдерін сөз етті.

“Алдыңғы екі кезеңнің қорытындысы бойынша жалпы елімізде 2,6 млн адам декларация тапсырды, оның ішінде Қостанай облысы бойынша 121,4 мың адам қамтылды. Үшінші-төртінші кезеңде  еліміз бойынша 10,3 млн жеке тұлғаны, облысымызда 455,1 мың адамды қамту жоспарлануда”, – дейді Шынар Жұмабай.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен қатысушылары, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынуға тиіс. Декларацияда азаматтардың шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлігі, шетелдік банктегі 3,5 млн теңгеден асатын қаражаты, бағалы қағаздары мен сандық активтері, құны 3,5 млн теңгеден жоғары зергерлік бұйымдары, асыл тұқымды жануарлары және т. б ақпараттары көрсетілуі қажет.

Декларацияны 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін тұрғылықты жері бойынша тапсыру қажет. Яғни, “Салық төлеуші кабинеті”, “электрондық үкімет” веб-порталдары, “e-salyqazamat”, Halyk, bankcentercredit мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады.

“Декларацияны бірінші рет ұсынбағаны үшін ескерту, ал бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 51 750 теңге (15 АЕК) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Сонымен қатар, толық емес және анық емес мәліметтерді ұсынғаны үшін бірінші кезекте ескерту жасалса, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 10 350 теңге (3 АЕК) мөлшерінде айыппұл  салынады. Салық салу объектілерін жасырғаны үшін жыл ішінде алғаш рет төленбеген салықтар сомасынан 200%, қайталап бұзғаны үшін 300% мөлшерінде айыппұл өтейді”, – дейді Шынар Жұмабайқызы.

Диана БАТЫРБЕК

Жаңалықтармен бөлісу