Жылқыға қауіп төніп тұр

Жылқыға қауіп төніп тұр

Биыл торғайлықтар үшін қыс мезігілі жайлы болғанмен, желтоқсан-ақпан айларында толсассыз жауған жауын-шашын тығырыққа тіреп отыр. Тобықтан келетін азғантай қар жаңбырдың салдырынан еріп, артынша күн суытып, қыс қаһарына мінді.

Соның салдарынан жылқылардың жайылымы көк мұзға айналды. Тебіндеп жүріп, қорегін табатын жануарлар шарасыз күйде көк мұздың үстінде сырғанып жүр. Қазіргі уақытта аудан көлеміндегі жылқылардың саны жыл санап артып келеді. Қос-қостан үйірлі жылқысы бар тұрғындар өзара «WhatsApp» желісі арқылы «Жылқышылар» тобын ашқан болатын. Сол арқылы бір-біріне хабарласып, жылқыларының амандығын біліп отырады.

«Күні кеше өзеннің арғы бетінде жүрген жылқыларымды қарап келдім. Жағдайлары мүшкіл халде. Жылтыраған мұздың үстінде қозғала алмай орындарында қатып тұр. Күйлері де анау айтқандай мәз емес. Қайта құлын тастамағандарына қуандым. Жуырда Торғайдағы бір кісінің 8 биесі құлын тастады деп естідім. Әрине, өкіншті. Сол халге жеткізбес үшін жылқыларымды қолға ұстауыма тура келді. Шөп мәселесін бірдеңе қылармын. Көктем мезгілі жақындағанда үйірлі жылқымды қырып алғым келмейді. Ой мен қыр жайлымында жүрген жылқылардың барлығын жинақтап қадағаламаса шығын көбеюі тиіс.Оның үстіне екі апта бойы сақылдаған сары аяз, жылқылардың күйін күрт түсіріп жіберді», – дейді Сужарған ауылының тұрғыны Бауыржан Махамбетов.

Қытымыр қыстың ақ түтек боранын елемей, оттығып жүретін жылқы малдары биылғы қыстан қатты қысым көрді деген сөздерді жиі естиміз. Осы мәселенің анықтау үшін ауыл шаруашылық бөліміне хабарласып, мән  – жайға қанық болдық.

«Шаруа қожалықтары мен жеке адамдардың мал басын қосқанда, жалпы аудан бойынша 16678 бас жылқы бар. Рас, биыл қар аз болса да жауын-шашынның кесірінен жердің бәрі қатып, көк мұзға айналды. Жылқымыз қырылып жатыр деп әзірге ешбір адам дабыл қаққан жоқ. Жақында шаруа қожалықтарының басшыларымен сөйлесіп, осы мәселені мәнісін сұрадық. Жылқылардың тебіндеуі қиын болып жатқанын айтты. Мал басынан шығын болмаса да төл алу қиын болатындығын алға тартты. Биелер іш тастап жатыр екен. Кейбір шаруа қожалықтары жылқыларын қолға ұстап отыр. алдағы ауа райы жылы болады деп күтілуде. Көктем ерте шығады деген үміт бар. Бұл жай ғана болжам болуы ықтимал. Қазіргі уақытта күн жылып, күнгей беттегі қар мен мұз еріп жатыр. Бір апта осылай болатын болса, даладағы көк мұз жібіп, жылқылардың тебіндеуіне мүмкіндік бола еді», – дейді аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Ернұр Иманғалиев.

Егер қыс созылып, күн жылымаса, жылқы малдарына қауіп төнері сөзсіз.

 

Байбатыр АХМЕТБЕКОВ

Жанкелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу