Қыстың күні қар молынан түсетін өңірде шаңғы фестивалін қостанайлықтар мерекелік көңіл-күйде қарсы алады.
Қостанай ауданында өткен «Лыжня здоровья – 2024» жыл сайынғы турниріне елді мекендердің кәсіпқой, әуесқой спортшылары белсене қатысты.
“Тарихи деректерді сараптасақ, адамзат қоғамы пайда болып, алғашқы өмір сүру кезеңінен-ақ дене тәрбиесіне көңіл бөлініп, сол еңбек пен тұрмыстық өмірдің шарты ретінде дамыды. Бүкіл әлемде шаңғы тебу қысқы спорт түрлері арасында аса танмалдыққа ие. Оның табиғатпен байланысы және адам денесін қалыптастыруға үлесі зор. Шаңғы тепкен адам өзін шапшаңдық пен төзімділікке шыңдап қана қоймай, сонымен қатар жақсы тынығуға да мүмкіндік алады”, – дейді аудандық Дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Әсел Жанұзаққызы.
Бұл спорт түрі жас талғамайды, оған куә осы жарысқа қатысушылардың ең жасы 9-да болса, ең үлкені спорт ардагері 78-дің алқымын арқалаған қария.
Қолайлы ауа райы мен қатар, жақсы дайындалған шаңғы трассалары қатысушыларға спорттық толқулар мен жақсы көңіл-күй сыйлады. Мұндай бұқаралық іс-шаралар қоғамның назарын аударып қана қоймай, өңірдегі, әсіресе жастар арасында салауатты өмір салтын ұстануға әсер ететіні сөзсіз.
Жарысты қорытындылай келсек, 1-орынды Қостанай ауданының «Надеждин» ауылдық округы жеңіп алды, 2-орынды «Заречный» ауылдық округі, 3-орынды «Мичурин» ауылдық округі иеленді. Барлық жеңімпаздар Дене шынықтыру және спорт бөлімінің атынан марапат қағазыдармен, медаль-кубоктармен марапатталды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ