Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай ардагерлерге тағзым жасалып, қала орталығындағы «Жастар саябағында» орнатылған интерноцианалист жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
“1979 жылдың 25 желтоқсанында басталып 1989 жылдың 15 ақпанында аяқталған Ауғанстан соғысы 9 жыл 10 айға созылып, мыңдаған адамның өмірін өзгертіп, көптегенотбасына қайғы – қасірет әкелгені сөзсіз. Сол бір сұрапыл шақтарда қатерге бел буып, батырлықпен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, қаһармандық танытқан, өздерінің Отан алдындағы міндетін адал өткерген интернационалист – жауынгерлерге әрдайым тағзым ету баршаның бұлжымас парызы”, – деді Интерноцианалист- жауынгерлердің жорықты жолдарына арналған митингте сөз алған қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов.
Ауған соғысының ардагері Тимур Қонақов сөз сөйлеп, қалалық «Мұхтасиб Әлмұхамед» мешітінің бас имамы Нұрхан қажы Бақтыбай әруақтарға құран бағыштады. Майдан даласында қаза тапқан жауынгерлер бір минуттық үнсіздікпен еске алынды.
Ауған соғысының ардагерлеріне арналған дәстүрлі іс-шара Ә.Боранбаев атындағы кинотеатрда жалғасын тауып, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров отты жылдарды бастан кешкен жауынгерлерге мерекелік медалдармен қала әкімінің «Алғыс хаттарын» салтанатты түрде табыстады.
От пен оққа кеудесін тосып оралған даңқтты ерлердің құрметіне қала өнерпаздары, өскелең жас ұрпақ ән мен жырдан шашу шашты.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы