Арқалық ауруханасы өңіраралық ауруханаға ауыстырылады

Арқалық ауруханасы өңіраралық ауруханаға ауыстырылады

Бұл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы өз кезегінде ауыл тұрғындарына уақытында  жедел және мамандандырылған медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттырмақ.

Осыған орай, өңірлік ауруханада инсульт және кардиологиялық орталықтардың ашылуымен медициналық қызметкерлерді толықтырып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Қазіргі уақытта Арқалық өңірлік ауруханасы бас корпусының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Аурухана жанынан «Qamqorlyq» балаларды оңалту орталығы іске қосалады. Ол  орталықты  «Qamqorlyq» қоры қаржыландырмақ. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін инсульт мекемелері мен кардиологиялық орталықтардың жұмысын жақсартуға  ангиографиялық жүйе мен магнитті-резонансты томография аппараты сатып алынады.

   «Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауына орай елімізде медицина қызметкерлерінің мәртебесі мен жалақысы көтерілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қаулысына сәйкес 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап медицина қызметкерінің жалақысы дәрігерлерге 3,42 есеге, орта медицина қызметкерлеріне 2,34 есеге ұлғайтылды. Осылайша, 2023 жылы дәрігерлердің орташа айлық жалақысы 678 мың 237 теңгені, орта медицина қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 264 мың 526 теңгені құрады», – дейді Арқалық өңірлік ауруханасының бас дәрігері Самат Исламов.

Сондай-ақ, 2024 жылы жалпы сомасы 132,6 млн теңгеге медициналық құрал-жабдықтарды (узи аппараты, спирограф, мониторлар, аспираторлар, оңалтужабдықтары, матрастар) сатып алу жоспарланып отыр.

Орайы келгенде айта кетсек, қазіргі таңда өңірлік аурухананың перзентхана ғимаратына жалпы сомасы 1 миллиардтан астам теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Құрылыс мердігері – Қарағанды қаласынан келген «RAKADA GROUP» ЖШС.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу