Жалпыға бірдей декларациялау мәселесі түсіндірілді

Жалпыға бірдей декларациялау мәселесі түсіндірілді

Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылдың бірінші қаңтарында  енгізілді. Әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру, жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі міндеті  деп танылды.

Мәселен, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап «кіру» декларациясын мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайларын алғанда  – 580 мың адам табыс етті. 2023 жылғы екінші кезеңде бұл көрсеткіш  2,1 млн адамға  жетті. Бұл туралы өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Шынар Мұқанова айтып берді

«Үшінші кезеңде, декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады деп жоспарланып отыр. Белгіленген меже 3,9 млн жеке тұлғаны құрауы тиіс. Төртінші кезеңде азаматтардың қалған санаттары (мысалы, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқалар) ұсынады. 6,4 млн астам жеке тұлғаны қамту жоспарланды. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне барлығы 13 млн-ға  жуық адам кіруі тиіс. Бұл талап әрекетсіз және қызметін тоқтатқан тұлғаларға да қолданылады», – деді Шынар Мұқанова.

Сондай-ақ, 2024 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны жеке практикамен айналысатын адамдар ұсынбайды. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі барлық азаматтардың активтері мен міндеттемелері туралы декларация беруінен тұрады. Онда жеке тұлғаның барлық шетелдік активтері, жылжымалы, жылжымайтын мүлкі көрсетіледі.

«Шетелдегі және Қазақстандағы активтерді барынша дұрыс декларациялау қажет. Кейіннен активтер құны салық салынатын кірісті айқындау кезінде ескерілетін болады. Сондықтан декларацияны толтыру алдында тиісті растайтын құжаттарды дайындап, өткен жылдың аяғына  дейінгі ақшалай қаражатты банктік шоттарға салулары қажет. Бастапқы декларация берілген күнге дейін борыштар мен талаптар нотариалды куәландырылады. 3,5 млн теңгеден асатын мүлікті бағалауда Қазақстанда активтер мен міндеттемелерінің бар-жоғы тексеріледі», – деп атап өтті басқарма басшысы.

Яғни, азаматтар декларацияда басқа жеке немесе заңды тұлғалар алдындағы қарыздарын көрсетуі керек. Сондай-ақ, басқа тұлғалардың осы жеке тұлғаға қайтаруы тиіс қарыздары көрсетіледі.

«Жалпыға бірдей декларациялау азаматтарға кірістерінің мөлшеріне қарай әділ салық салуды қамтамасыз етуі тиіс. Салық төлеуден жалтарған адамдарды анықтау көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Көлеңкелі айналымдарды қысқартудың тиімді әдістерінің бірі азаматтарымыздың өмірінің ажырамас бөлігіне айналған қолма-қол ақшасыз төлемдерге көшу», – деді Шынар Мұқанова.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

 

 

 

 

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу