Арқалық қаласының жанындағы “Маятас” кен орнында қатты пайдалы қазбаларды өңдейтін тау-кен байыту комбинаты салынады. Бұл жоба тоқтап қалған Торғай боксит кен кәсіпорынын алмастырып, оңтүстік өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сеп болмақ. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Назарбек Қонқабаевтің айтуынша, комбинат жылына 420 мың тонна полиметалл кендерінің концентратын және 1,9 тонна доре қорытпасын өндіруге мүмкіндік береді.
“Жобаға салынатын инвестиция көлемі 315 млрд теңге. Сондай-ақ, 1200 жұмыс орны ашылады. Аталмыш жоба бойынша жұмысты геологиялық-барлау зерттеулері бағдарламасына сәйкес жүргізіледі. Бұоғылу жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталды. Қазір қатты пайдалы қазбалар қорының көлемін анықтау үшін зертханалық зерттеу жүргізілуде. Сәуір, мамыр айларында электр барлауын жүргізу көзделіп отыр”, – деді Н.Қонқабаев.
Жалпы облыста жүзе асырылатын жобалардың дені машина жасау саласына және тау-кен металлургия кешеніне бағытталған. Өңір экономикасын әртараптандыру аясында жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, сондай-ақ, құрылыс материалдарын өндіру сияқты салаларды жетілдіру қажет-ақ.
“Облыста жалпы инвестиция көлемі 2,4 трлн болатын 8,9 мың жұмыс орны құрылған 30 индустриялық жобадан пул қалыптастырылды. Өңірдің өнеркәсіп құрылымында 72,4% өңдеу саласына, тау-кен өндіру секторына 24,8% тиесілі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп кәсіпорындары кемінде 2,5 трлн қаржыға өнім өндіруді жоспарлап отыр”, – деді басқарма басшысы.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірде өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келе жатқанын айтады.
“Жалпы өңірлік өнім құрылымында бұл сала ең көп үлеске ие яғни, 30% астам. Статистика Мемлекет басшысының өңдеуші секторды жедел дамыту бөлігінде жүргізіп жатқан саясатының жоғары тиімділігін көрсетеді. Өңір үшін көптеген мүмкіндікке жол ашатын жобаның бірі Ақтөбе облысынан Қостанай қаласына дейін магистральдық газ құбырының құрылысы. Елді мекендерді газдандырудан басқа, газдың қосымша көлемі ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға жағдай жасайды”, – деді Қ.Ақсақалов.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Қостанай облысының аумағында 925 өнеркәсіптік кәсіпорын бар, онда 42 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ