Облыс әкімі тұрғын үйлердің жылуын  өзі тексереді

Облыс әкімі тұрғын үйлердің жылуын  өзі тексереді

Бұған дейін қала тұрғындары пәтерлерінің салқындығына шағымданған еді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов аяз күшейгенде шағым айтқан тұрғындардың пәтерлеріне баратынын айтқан. Бүгін қаланың үш ауданындағы жылу желілерінің жұмысын тексерді.

Алдымен “Юбилейный” шағын ауданында орналасқан №93 блок-модульдік қазандығында болды. Өткен жылы осы аудандағы қазандықтардан техникалық ақау анықталып, салдарынан тұрғын үйлер жөнді жылымаған еді.

            “Өткен жылдың қорытындысына сүйенсек, тоғыз көпқабатты үйдің тұрғындары жылудың бәсеңдігіне шағымданды. Биыл қосымша қазандық қосылды. Қазіргі уақытта №93 БМК және №92 БМК жұмыс істеп тұр. Қазір аяз қатты емес, -30 градусқа дейін көтерілгенде шағым түскен пәтерді тексеруге барамын. Істелген жұмыстың нәтижесіне көз жеткізгім келеді”, – деді Құмар Ақсақалов.

Одан кейін “Береке” шағын ауданындағы жылу қазандығын тексерді. Шағын аудандағы қазандық өткен күзде іске қосылған.

Қазір Bosch неміс компаниясының жоғары сапалы қазандығы толық қуатта жұмыс істеп тұр.  Шағын аудан тұрғындарынан жылу жүйесіне қатысты ешқандай шағым түспеген.

            “Қазандықтың қуаты мол. Жоспар бойынша мұнда шамамен 78 нысан қосылуы тиіс. Желілердің жағдайы жақсы”, – деді облыс әкімі.

Үшінші “Әуежай” шағын ауданындағы  №12 қазандық. Өткен жылы бұл аудандағы магистральдық желілермен мәселе туындаған еді. Қазіргі таңда барлық олқылық қалыпқа келтірілді. Ұзындығы 1 шақырым жаңа магистральдық құбыр төселді, тағы 500 метр магистральдық желі мен 1,2 шақырым кварталішілік желілерді ауыстыру жұмысы ғана  қалды.

            “Көктем айынан бастап жұмысты бастауға тапсырма беріп отырмын. Жазда жұмысты толық аяқтауымыз керек. Өкінішке қарай, бұрын бұл аумақта құбыр оқшаулаусыз төселген. Салдарынан жер асты сулары құбырлардың бүлінуіне әкеліп соқты”, – деді Құмар Ақсақалов.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу