Құс өсірген Гүлім кәсібін қалай бастады?

Құс өсірген Гүлім кәсібін қалай бастады?

Жалғызтал ауылының тұрғыны Гүлім Ағыбаева көпбалалы ана.  Үйде отырып табыс табуға болатын кәсіппен айналысуды көптен ойластырып жүрген. Алайда, қаражат тапшылығы ойдағы ісін жүзеге асыруға мүмкіндік бермеген еді.

«Әуелде нақты айналыссам деген кәсібім де, оны өрбітетін қаржым да болмады. Тек ниетім ғана болды. Сөйтіп жүргенде көпбалалы аналарға қайтарымсыз грант берілетінін естіп, қаладағы «Мансап орталығынан» бағдарлама жайлы толық ақпарат алдым. Ойласа келе, құс асырауға бел будым. Бизнес жоспарымды дайындап, комиссия алдында қорғап, үкіметтен 1 миллион 380 мың  теңге қайтарымсыз грант иелендім. Ол қаражатқа 100 бас қаз сатып алып, осы кәсібімді бастап кеттім», – дейді кәсіпкер.

Қазір Гүлім құстарының  жем – суын уақытымен беріп, көзінен таса қылмауға тырысуда. Ер жете бастаған балалары да ара – тұра қолғабысын береді. Қысқа қарай қоңды құстарының бір бөлігін 8 -9 мың теңгеден саудаға да шығарып үлгірді.

«Қаздың еті дәмді, әрі таңсық ас болғандықтан өтімді болады. Ендігі мақсатым, құс басын көбейтіп, қалада өтетін ауылшаруашылық жәрмеңкесіне қатыссам деймін. Кәсібімді ашуға қолдау білдірген азаматтарға үлкен алғысымды білдіремін», – дейді грантпен құс өсіруді бастаған кәсіпкер Гүлім Мейрамқызы.

Осылайша, биылғы қоян жылы арқалықтықтар үшін кәсіппен айналысқысы келген бірқатар тұрғындарға табысты жыл болды.«Кәсіпкерлікті дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында әрқайсы 1 млн 380 мың теңге қайтарымсыз грант иеленген 17 тұрғын мал шаруашылығы, асхана, шаштараз, қолөнер бұйымдарын жасау  т.б. көптеген кәсіп түрлерін ашты.

Мұрат Жүнісұлы

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу