Облыс әкімі Қостанай қаласының тұрғындарымен кездесті. Мұның алдында өңір басшысы облыс аудандары мен қалаларын аралап, халық алдында есеп беріп шықты. Елдің мұң-мұқтажына, қордаланған мәселелерге назар аударды.
Әдеттегідей кездесу барысында қала әкімі Марат Жүндібаев өткен он бір айдың қорытындысы туралы халыққа есеп берді.
– Қаланың 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың жағдайын жақсарту үшін жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жақсы динамикамен сипатталады, – деп бастады ол өз баяндамасын. – Өңіріміздің дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша Қостанай қаласы өнеркәсіп өнімі көлемінің 59%, негізгі капиталға инвестицияның облыстық көлемінің 33%, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің 69%, құрылыс жұмыстарының 37 %, бөлшек сауда айналымының 65% және көтерме сауданың 81% қамтамасыз етеді. Биылғы он бір айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 1 трлн 419 млрд теңгеге өсті. Нақты көлем индексі 2022 жылғы кезеңмен салыстырғанда 120,9% артық.Өнеркәсіп өндірісіндегі негізгі үлестің 98%-і өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Осы жылы мемлекеттік бюджетке 183,6 млрд теңге, оның ішінде қалалық бюджетке 70,9 млрд теңге түсті. Осылайша жоспар 109,7% орындалды.
Бұдан соң облыс басшысы Құмар Ақсақалов жиналғандарды астықты өңірде атқарылған істердің жай-жапсарымен таныстырды. Айтуынша, он бір айдың ішінде облыста көптеген ілкімді жоба жүзеге асқан. Тек, ауыл шаруашылығы саласының табысы былтырғыға қарағанда 18% кем түсті. Бұл әрине, ең бірінші ауа райының қолайсыздығынан туындағаны белгілі. Кездесу барысында өңір басшысы облыс орталығына қатысты бірқатар проблемаға назар аударды. Бүгінде Қостанайда көп қабатты тұрғын үй, бала-бақша, мектеп тәрізді әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатыр. Бірақ, солай екен деп, бейберекет құрылыс сала беруге тағы болмайды. Тығырықтан шығудың жолы қайсы? Құмар Ақсақалов мердігерлерге тұрғын үйлердің бірінші қабатынан балабақша салу туралы ұсынысын айтты. Айтуынша, әлемде мұндай тәжірибе кең таралған.
– Біз көп қабатты үйлердің төменгі қабатында орналасқан балабақшаларды сатып алуға дайынбыз. Бұл тұрғындар үшін ыңғайлы болады. Әзірге Қостанайда “Юбилейный” және “Әуежай” шағын аудандарында екі балабақша салынып жатыр. “Қонай” шағын ауданыда дәл жоба қарастырылған. Әзірге, мұнда мектеп құрылысы аяқталуға жақын, – деді өңір басшысы.
Тұрғын үй демекші, облыстың орталығында лифттердің 10%-і жұмыс істемейді Тұрғындар кей лифттің бір бөлігі екі жыл бұрын тоқтатылғанын айтады. Қала әкімдігі 390 лифттің 38-і жұмыс істемейтінін жасырған жоқ. Тоғыз лифтіден ақау шыққан. Тағы 29 лифтіні рұқсат мерзімі өтпей тұрып, тексеру қажет. Әрине, бұзылған жеделсатыны жөндету қымбат. Әрі-беріден соң тұрғындардың қолынан келмейді.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл мәселені көпке ұзатпай шешуді тапсырды. Бұған облыстық бюджеттен қаражат бөлінбек.
Жиында қала көшелерін жөндеу мәселесі де сөз талқыға түсті. Қала әкімінің берген жауабына қарағанда, келесі жылы төрт көшені қайта жаңарту жоспарланған. Мәселен, Фролов-Назарбаев көшелерінің қиылысындағы Баймағамбетов көшесін, сондай-ақ Абай-Баймағамбетов көшелерінің қиылысындағы Фролов көшесін жөнделетін болды. Тізімде тағы екі көше бар. Сондай-ақ, 3.3 млрд теңгеге 33 көшені орташа деңгейде жөндеу жоспарланған. 2024 жылы орамішілік 53 алаңқайды жөндеуге 1,1 млрд теңге қарастырылды.
Тағы бір мәселе, Қостанайда қалалық автобустардың бірыңғай диспетчерлік желісін құрылатын болды. Оның міндеті – қоғамдық көліктің жұмысын бақылау. Бұл мәселе қазір “Alem Pay” ЖШС – жол ақысын онлайн төлеу операторымен пысықталып жатыр. Сондай-ақ, қала әкімі Марат Жүндібаев 2024 жылы тасымалдаушылар бюджеттен субсидияланатынын еске салды. Бұған да қаражат бөлінді. Таяуда қалаішілік жолаушылар тасымалына жаңа 39 автобус қосылғаны белгілі. Әзірге, қоғамдық көліктердің 60%-і қанағаттанарлық жағдайда.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков