Көлқамыс ауылында медициналық пункт пайдалануға берілді

Көлқамыс ауылында медициналық пункт пайдалануға берілді

Жаңа жыл мерекесі қарсаңындағы  аталған нысанның ашылу салтанатына арнайы Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Зәкиұлы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Серікұлы келді.

Ауылдық ағайындардың қуанышына ортақтасқан меймандар өздерінің тілектестіктерін білдіріп, «Сыма-К» шаруа қожалығының жетекшісі Манат Карбозовқа алғыстарын айтты.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқынажолдаған Жолдауында «Медициналық» инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек деп айтқаны көңілге қонымды. Оның ішінде мұндай жұмыстарды әр елдің тумалары қолға алып, демеушілік арқылы жасаса артықшылығы жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасы алғашқы болып шағын ауылда жүзеге асып жатқандығы ел үшін тиімді. Барлық ауыл, ауылдық округтердегі шаруа қожалықтары осындай үрдісті жүзеге асырса, нұр үстіне нұр болар еді», – деп құттықтады Жанкелдин  ауданының  әкімі Шота Оспанов.

«Сыма-К» шаруа қожалығының жетекшісі Манат Кәкімжанұлына және құрылыс жұмыстарына белсене араласып, елдің игілігі үшін бар күштерін жұмсаған ел азаматтарына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тасырды.

Қостанай облысының, Арқалық қаласының, Жанкелдин ауданының «Құрметті азаматы», еңбек ардагері Кәкімжан Карбозов арнайы келген меймандарға елдің атынан алғыс айтып, ақ батасын берді.

Медициналық пункттің лентасы салтанатты түрде қиылып, қазақы дәстүрмен шашу шашылды. Аумағы 96 м2 болатын медициналық пункттың құрылыс жұмыстарына «Сыма-К» шаруа қожалығының  есебінен 22 млн теңге қаржы жұмсалған.

Заман талабына сай салынған медициналық пунктте фельдшер кабинеті, емшара және егу бөлмесі бар. Аталған әлеуметтік нысан жиһаздармен және барлық қажетті жабдықтармен толығымен қамтылған. Оны сыртында жедел жәрдем көлігі тұратын жылы тұрағы да бар. Әр ауылда осындай игілікті жұмыстар жүзеге асып жатса, ауыл экономикасы сөзсіз ілгерлейді. Оның ішінде шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер ауылдың дамуына үлес қосса, еш артықшылығы болмас еді.

Осы тұрғыда Көлқамыс ауылының тыныс -тіршілігі басқа ауылдарға қарағанда алдыңғы саты да тұр. Шағын ауылдағы тұрғындар қазіргі таңда қаладағы тірлікпен теңесті. Үйге тартылған су құбырының шүмегін  бұраса, жылы суға қол жуасыз.

Әжетхана мен жуынатын бөлмесі де бар. Көшесінің көркіне көз тоймайды. Қаз – қатар отырғызылған ағаштар жайқалып өсіп, көше сәнін келтіріп тұр. Жаяу жүргіншілер жолына қиында тастар төселген. Ауыл халқы күнделікті жаңалықтардан кенже қалған емес. Баған басына орнатылған радио арқылы бәрін естіп, біліп отырады. Жылына жоқ дегенде екі үй салынып, ауылға келген жас мамандарды баспанамен қамтуды дәстүрге айналдырған. Қыстық отын мен мал азығы шаруа қожалық есебінен. Ауыл аты да айшықталып жазылған. Осының барлығы ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен бірлігінің арқасы.

 

Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ

Жанкелдин ауданы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу