Тобыл қаласында «Балалар әлемі» пайда болады

Тобыл қаласында «Балалар әлемі» пайда болады

Қазір музыка мектебінің, аудандық шығармашылық үйінің тәлімгерлері және жас спортшыларға арналған зәулім ғимарат салынып жатыр. Нысан құрылысымен «Аян-озат» ЖШС директоры Валерий Розумович айналысу үстінде. Бүгінде жұмыстың көбі бітіп, азы қалған.

Бұл өнер және спорт ордасы өскелең буынның қабілетін шыңдауға кең мүмкіндік беріп қана қоймай, аудан орталығының ажарын аша түсетін сәулетті нысанға айналмақ. Ол қала ортасынан орын тепкен. Әзірден-ақ сәнді келбеті алыстан көз тартады. Есігін айқара ашып, іші балалардың шаттықты үнімен жаңғырығатын күннің ауылы алыс емес.

Белгілі кәсіпкер, жомарт жанды меценат Валерий Розумович бұл нысанды банктен сатып алып, оны қалпына келтіруді мақсат еткен. Әуел баста мұны сауда орталығына айналдырамыз деп жоспарлапты. Алайда құрылыс барысында бұл шешім түбегейлі өзгеріп кеткен. Бұрынғысынша «Балалар әлемі» етіп ашуды жөн санайды.

«Ғимарат кезінде «Балалар әлемі» болған еді. Біріншіден, мұның тарихын қайта жаңғыртуды мақұл көрдік. Екіншіден, дәл осындай нысан Тобыл қаласына аса қажет екенін көріп отырмыз. Облыстық Білім басқармасымен келіссөздер жүргізіп үлгердік. Жобамыз бойынша, мұнда Шығармашылық үйі, музыка мектебі және үш бірдей күрес залы орналасады», – дейді В.Розумович.

Баяғы «Балалар үйінен» іргетастың қирандыларынан басқа түк те қалмаған. Сондықтан бұл ғимарат бастан-аяқ жаңадан салынып жатыр деуге болады. Үр жаңа нысан құрылысының аяқталуын екінші мүдделі тарап та күтіп отыр. Атап айтқанда, білім басқармасы, әзірге екіжақты келісім-шарт болмағандықтан, әріптестік келіссөздер туралы мағлұматты ашып айтуға асығып отырған жоқ. Дегенмен, бір белгілісі, «Балалар әлемі» ашылса, Қостанай ауданының қосымша білім беру ұйымдарының үйірмелері мен секцияларына баратын балалар саны әлдеқайда арта түсетіні анық.  Нысанның бірінші қабатында балдырғандарға арналған ойын аймағы жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ мұнда шағын көлемді тамақтану аймағы, балалар мерекесін өткізуге лайықталған зал орналаспақ.        Әзірге ғимаратқа жылу қосылмаған. Жобалық құжатқа сәйкес, нысан көгілдір отынмен жылытылуы тиіс. Бұл мәселе аудан әкімінің жәрдемімен күз айында оң шешімін тапқан еді. Газ әлі берілмегендіктен, ішкі жұмыстар баяулау жүріп жатыр. Дегенмен, «көрінген таудың алыстығы жоқ», балалар мен ата-аналардың қуанышқа кенелер сәтіне аса көп уақыт қалмады.

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу