Қостанайдағы ХҚКО бұрынғы ғимаратқа орала ма?

Қостанайдағы ХҚКО бұрынғы ғимаратқа орала ма?

Бес жыл ішінде облыста көрсетілген мемлекеттік қызметтер саны үш есеге, ал былтырмен салыстырғанда смартфон арқылы қызмет көрсету 6 есеге ұлғайған. Десе де өңірдегі халыққа қызмет көрсету орталықтарының жай-күйі мәз емес.    

Өңірдегі 22 филиалдың тек үшеуі ғана цифрлық талапқа сай. Қалғандары беймделген үй-жайларда орналасқан. Мысалы, №1 халыққа қызмет көрсету орталығы бұрынғы мейрамхана ғимаратында жұмыс істеп жатыр. «Бұл өте ыңғайсыз. Талапқа сай келетін ғимарат табу керек. Тәуелсіздік, көшесінде орналасқан 114-үйдегі бұрынғы орталыққа қайта оралу керек. Ол жер ыңғайлы әрі екі есе үлкен. Тез арада шешіңдер. Облыста автодромдары бар арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарының саны да жеткіліксіз. Ол Арқалық пен Қостанайда ғана бар. Алдағы уақытта Лисаков қаласында сектор ашуды қолға алыңдар. Ол жерге өзге жақын аудан халқы да келеді». Бұл – облыс әкімі Құмар Ақсақловтың кезекті аппараты жиынында берген арнайы тапсырмасы.

Соңғы уақытта мемлекеттік қызметтерді ұсыну анағұрлым жеңілдеді. Ол үшін келіп, кезекке тұрудың да қажет жоқ. Бар болғаны электронды форматта тетікшені дұрыс таңдап бассаңыз болғаны. Бұл туралы облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы А.Кашиев айтып берді.

Бұрын, бала туылған кезде, анасы өтініш беріп, туу туралы куәлік пен жәрдемақы алу үшін ХҚКО-ға кем дегенде екі рет келетін. Енді бір жерге барып, өтініш жазудың қажеті жоқ. Мемлекет SMS-хабарлама арқылы босанған әйелді құттықтап, жауап sms-те жаңа туған нәрестенің атын көрсетуді сұрайды. Осылайша, ЖСН және туу туралы куәлік дайын болып, жәрдемақы тағайындалады. Сонымен қатар, перзентханадан шығу туралы SMS арқылы патронаждық медбике де хабардар болады. Өңірдегі жаңа туған нәрестелердің 68%-ы проактивті онлайн форматта ресімделген. Барлық мемлекеттік қызметтер осындай ыңғайлы форматта көрсетуге ұмтылатын болады, – деді басқарма басшысы А.Кашиев.

Биыл мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде қате деректерді табатын eGov порталында және оның мобильді қосымшасында мәліметтерді түзетудің 8 жаңа сервисі енгізілген. Сондай-ақ, әр түрлі өмірлік жағдайларға арналған push-хабарламалардың 15 түрі бар. Бұл процестердің көмегі көп. Жақын арада мемлекеттік қызметтерді алу арналарын кеңейту бойынша нормалар енгізіледі. Қосымша Қазпошта және нотариус бөлімшелері арқылы өтініш беруге мүмкіндігі болады.

Бұл ретте, Қазпошта бөлімшелері арқылы өтініш бере отырып, қызмет көрсету мерзімін 5 жұмыс күніне дейін ұлғайтуға жол беріледі, ал өтініштерді қабылдағаны және нотариус арқылы мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін бергені үшін 1 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж алынады. Қостанай облысында бұл жоба 2024 жылдың 1 жартыжылдығында іске қосылып, 21 ауылдық пошта байланысы бөлімшесін қамтиды. Жоба өте тиімді. Әсіресе ауыл тұрғындарының уақыты мен қаражатын үнемдеп, сондай-ақ пошта қызметкерлерінің жалақысын арттыруға жол ашады.

Осы жылдың екінші тоқсанында Қостанайда пилоттық режимде қалалық қызметтердің жаңа порталы енгізілді, онда әзірге 3 коммуналдық қызметке – сумен, жылумен жабдықтауға және қоқысты шығаруға электрондық шарттар жасасуға болады. Осы порталдың функционалдығын кеңейту және жетілдіру үшін келесі жылы жергілікті бюджеттен қаржыландыруға бюджеттік өтінім берілді. Осы жобаны іске асыру үшін ақша қаражатын бөлуді қолдауыңызды сұраймыз, – деп басқарма басшысы облыс әкімінен 70 млн теңге сомасында қаржылай қолдау сұрады.

Ал Тәуелсіздік 46 мекенжайында орналасқан халыққа қызмет көрсету № 1 бөлімінің ғимараты халыққа ыңғайсыз. Ғимараттың жанында орналасқан тұрақ орындары да аз. Күн сайын бөлімге мемлекеттік қызмет көрсету үшін мыңдаған азамат жүгінеді екен. Алайда бұл бөлімде тұрақ орындарын кеңейтуге мүмкіндік жоқ. Қаладағы АХАТ бөлімі де Қостанай қаласының коммуналдық меншігіндегі жалға алынған үй-жайда орналасқан. Бұл ғимаратта некені салтанатты түрде тіркеу рәсімін өткізуге жағдай жасалмаған.

«Осы мәселелерді шешіп берсеңіз» деген өтінішін жеткізді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпроциясының облыстық филиалының директоры М.Жаңабев. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов көтерілген мәселелерді шешуі үшін тапсырмалар берді.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу