«Оқуға құштар колледжі» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қостанай жоғары педагогикалық колледжінің акт залында Спандияр Көбеевтің 145 жылдығына орай, кітапхана қызметкерлері педагогика және психология кафедрасымен бірлесіп, «Спандияр Көбеев – педагог және ағартуша» атты әдеби кеші өтті.
Кітапхана қызметкерлері «Асыл ұстаз, жазушы» – «Драгоценный учитель, писатель» атты мазмұнды көрме ұйымдастырды, онда автордың кітаптары, ұлағатты ұстаз туралы әр жылдардағы жарияланымдар, сондай-ақ «Қостанай облысының мемлекеттік мұрағаты» ММ және колледж мұражайы ұсынған мұрағаттық материалдар ұсынылды.
Биыл 1 қазанында тамаша педагог, белгілі ағартушы, атақты жазушы, аудармашы және гуманист Спандияр Көбеевтің туғанына 145 жыл толды. Ол 1878 жылы 1 қазанда Қостанай облысы Меңдіқара ауданы Ақсуат ауылында дүниеге келген. 1887 жылы Ы.Алтынсариннің көмегімен Сауытбай ауылында ашылған екі жылдық мектепке түседі. 1892 жылы осы мектепті бітіріп, болыстық мектепте, ал кейін, яғни 1895 – 1897 жылдары Қостанай қаласындағы орыс-қазақ мектебінде білім алады. 1898-1901 жылдары ол мұғалімдерді даярлау курстарын бітіріп, бастауыш мектепке жолдама алады.
Спандияр Көбеев – Ыбрай Алтынсариннің шәкірті, оның жолын жалғаған лайықты ізбасары. Ол педагогика мен жазушылық қызметті қоса атқарды. Жазушы ретінде балалар әдебиетін дамытуға үлкен үлес қосты. «Үлгілі тәржіме» (1910), «Үлгілі бала» (1912) кітаптарына енген өлеңдер мен әңгімелер жасөспірімдерді еңбек етуге, достық пен ынтымақтастыққа, білім алуға шақырады. Оның шығармаларында жалықтыратын мораль жоқ, кейіпкерлер оқырманға не істеу керектігін айтады. Спандияр Көбеев Иван Крыловтың мысалдарын мағынасына сәйкес қазақ тіліне аударды, бұл тікелей аударма емес. Қазіргі уақытта бұл шығармалар өз мағынасын жоғалтқан жоқ.
1939 жылы Спандияр Көбеев білім беру саласындағы ұзақ қызметі үшін Ленин орденімен марапатталды. 1944 жылы оған «ҚазКСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» құрметті атағы берілді. 1974 жылы ол Қаз КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. 1949 жылы екінші рет Ленин орденімен марапатталды. 1951 жылы жазушының «Орындалған арман» мемуарлық еңбегі жарық көрді. Өмірінің соңына дейін ол өзінің туған ауылы Ақсуаттың он жылдық орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді.Ол тек мектептегі қызметімен шектеліп қана қоймай, ауыл тұрғындарына кітап оқи жүріп, оқу-ағарту жұмысын жүргізді, сөйтіп, елге ағартушылық қырымен де танылды.
Қазақ классикалық әдебиетінің алғашқы романдарының бірін жазған да Спандияр Көбеев болды. «Қалың мал» романы 1913 жылы жарық көрді. У-11б тобының студенттері, топтың кураторы М.С.Баган, осы романнан үзіндіні сахналап, жиналғандарды қазақ бұқарасы тарихының С.Көбеев баяндаған кезеңіне бойлатып,тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрімен қауыштырды.
М-21 тобы, топ кураторы Г.Ж.Кубегенова, мемлекеттік тілде «Атасы мен немересі» әңгімесінен сахналық қойылым көрсетті.
Мәнерлеп оқу шеберлігін ХҚБ-12 тобының студенті Диас Қадырқожа көрсете білді. Педагог А.Өмірзақовтың жетекшілігімен музыка бөлімінің студенттері «Ерке-Сылқым» күйін күмбірлетсе, «Балбырауын» күйін М-21 тобының студенті А. Қалибекова орындады.
Әдеби кешке ҚР Білім беру ісінің үздігі, педагог-жазушының мұрасын зерттеуші Пиалаш Сүйінкина арнайы шақырылып, ол Спандияр Көбеевтің өмірі мен шығармашылығы туралы баяндады. Ол атақты ұстаздың мұғалімнің абырой-беделіне қатысты пікірлерінің қазіргі педагогтерге қойылатын талаптармен үндестігіне мән берді.
Кешке қатысушы студенттер педагог-жазушы С.Көбеевтің мұрасымен кеңірек танысып, ұстаздықтың үздік үлгісін танытқан ардақты тұлға тағылымынан нәр алды, болашақта кәсіпқой маман болудың қырсырына қанықты.
Р.Урузбаева, кітапхана
меңгерушісінің м.а., З.Байнакатова, педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі