Шеген ауылы – Жанкелдин ауданының орталығынан он сегіз шақырым қашықта орналасқан елді мекен. Кезінде үлкен бір кеңшардың орталығы болған ауылда қазір жетпістен астам үй түтін түтетіп отыр. Былтыр мемлекеттік “Нұрлы жер” бағдарламасының шеңберінде қазынадан 640 млн теңге бөлініп, Шеген ауылына су құбырын тарту жобасы қолға алынған. Павлодар қаласынан келген “Қазеурострой” ЖШС айналасы бірер жылдың ішінде үйді-үйге су кіргізіп, халықтың батасына кенелді. Өйткені, бұл көптен бері ауыл тұрғындары күткен қуаныш еді.
–Бүгінде құрылыс жұмыстары жұмыстары түгел аяқталып, 1 қараша күні іске қостық. Қазір ауылдағы барлық үйге, кеңсе, кітапхана, медпункт, мектеп, мешітке су құбыры кіріп тұр. Тұрғындар қуанып жатыр. Алды үйлеріне ванна, туалет орнату үшін қажетті заттарын әкеп қойған. Әзірге халық тұтынған судың бір кубына 1500 теңгеден төлейді. Кейін тариф енгізілген соң, судың әр кубы 30 теңге болмақ. Қалғанын мемлекет субсидиялайды,–дейді Шеген ауылының әкімі Елдос Едіресов.
Ауыл іргесіндегі Қызқашқан бөгетінен тартылған су құбырының құрылыс жұмыстарында үш бригада жұмыс істеді. Яғни, екі жыл бойы ауылдың он бес шақты адамы көлемді жұмыстар алып, еңбек етті. Солардың бірі-Айбат Кенжеғұлов. Ол электрмен дәнекерлеуші міндетін атқарды.
–Ауылға судың келуі біз үшін үлкен жаңалық болды. Біріншіден,арба сүйретіп, құдықтан тасуды ұмыттық. Екіншіден, қаншама ауыл адамы құрылыс -монтаж жұмыстарына тартылды. Жалақысы да жоғары. Ауылымыздың біртіндеп еңсе тіктеп келе жатқанына қуаныштымын. Халыққа пайдасы тиер осындай ілкімді жобалар шешімін тапса қандай ғанибет!,– дейді Айбат Нағашыбайұлы.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірен Бейбіт Мейрамұлы