Қазақстанда білім мен ғылымның дамуына үлес қосып, ІТ саласында үлкен жетістіктерге жеткім келеді. Әрине, оның бастамасы да жоқ емес, қазіргі жеңістерім, жасаған еңбегім – соның айғағы.
Біреу менен «еліңнің болашағын қалай естетесің?» деп сұраса, «ғылым-білімі дамыған, әлемге үлгілі мемлекет болады» деп ойланбастан айтар едім. Қазақстанды осы биікке жеткізу үшін әрбір азамат адал еңбек етуге міндетті.
Өзім биыл көптеген жетістікке жеттім. Шымкент қаласында физика-математика бағытындағы NIS-тің ұйымдастыруымен өткен «IT әлемінде» атты желілік компьтерлік жобалар байқауында «Интерактивті оқытудың Quest System, QSOIL – Quest System of Interactive Learning» атты жобам 1 орынға ие болды.
Бұл жүйе оқушыларға 3D кеңістігінде процесті геймификациялау арқылы ағылшын тілінде «Информатика» пәні бойынша білім алуға арналған. Онда тақырыпқа сай квест берілген, ол үшін жүйедегі материалды зерделеу және тапсырмаларды орындау қажет, оның параметрлері екі режим арасында ауысады: оқу және білімді тексеру режимі.
Одан бөлек, шілде айында Samsung Innovation Campus байқауына қатыстым. Жүлде қоры 10 млн теңгеден асатын жарыста еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам үміткер бақ сынады. Байқауда ойын-сауық форматында мектеп пәндерін оқуға мүмкіндік беретін 3D ойынды жүзеге асырып, 3 орын, 750 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы ұтып алдым.
Данияр Сарбасов екеуміз мектебіміздің атынан «Математика және жобалау» XVII халықаралық байқауында 1 орынға ие болдық. Осы сияқты жетістіктер қатарын әлі де молайта түскім келеді. Елімнің туын мәртебелі жарыстарда биік желбіретсем деймін.
Барша жерлестерімді алда келе жатқан Республика күнімен құттықтаймын! Еліміздің білімі мен ғылымы өрістей берсін!
Ерболат СЕМБАЕВ,
NIS 12-сынып оқушысы
Қостанай қаласы