Ғасырға жуық тарихы бар Қарабалық ауданының 95 жылдық мерейтойы ерекше атап өтілді. Мерекеге орай ауданда әлеуметтік, мәдени, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Мерекеге Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев арнайы келді. Ол аудан жұртшылығын мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Талай қилы кезеңді басынан өткізген бұл аудан бүгінде жыл сайын гүлденіп, өркендеп, даму үстінде. Қазақта осындай дүбірлі тойлар атбегілердің өнерлерін тамашалаумен өткен. Сол тарихтан келе жатқан дәстүріміз жалғасын тауып, жігіттеріміз жарысқа сақадай сай дайын тұрғаны қуантады. Қарабалық жерінің асты да, үсті де кенішке толы. Әйгілі батырлар да осы жерден шыққан. Бұл өлкеде әрқашан той болсын», – деді Ринат Мұхаметқалиев.
Қарабалық ауданының мерейтойы 15 жылдығын атап өтіп жатқан Ғашура Ана мешітінен бастау алып, түрлі шараларға ұласты. Мерекелік шарада ұлттық спорт түрлері дəріптеліп, облыстың түкпір-түкпірінен келген шабандоздар аламан бəйгеге қатысты.
«Бүгінгі киелі мекен Қарабалықтың 95 жылдық мерекесімен барлық аудан тұрғындары мен қонақтарын шын жүректен құттықтаймын. Биыл ауданның көркіне сән келтіріп, рухани, мәдени баюына мол ықпал еткен зәулім Ғашура Ана мешітінің де 15 жылдығы да аталып өтуде. Осыдан тура 15 жыл бұрын аудан төрінде туған жерін ұмытпаған, өскен елін ұлықтаған азаматтардың бірі, аудан тумасы Ырыскелді Дәуренбекұлының бастауымен Ғашура Ана мешіті бой түзеді. Аудан жұртшылығын атаулы мерекемен құттықтаймын», – аудан әкімі Руслан Халықов.
Қарабалық ауданы – Қобыланды батырдың немересі Қарабалық батыр қанын төккен, Қобыланды батыр шайқасқан, Құдайсүгір Қосетұлы, Бала би атанған Шындәулет бидің талай дауды шешкен, Өске Торқаұлы, Серәлі Еруәліұлы, Сүйірқұл молда, Тауқұрыш Шоманақұлы, ақбура Қосылбай, әлімбет Алыпқара мен Балақарақшы секілді орақ тілді, от ауызды ақындардың жыр төккен, сахна саңлақтары Серәлі Қожамқұлов пен Қапан Бадыровтың кіндік кескен, қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі Мұхаметжан Сералиннің тұңғыш журнал «Айқапты» шығарған, күш атасы Қажымұқанның Троицк қаласындағы жәрмеңкеден кейін Смайылдың демеуімен қажылыққа аттанған жері. Алаш арыстары Елдес Омарұлы, Әлжан Байғурин, Біләл Аспандияров, Жұмаш Еленовтің атақонысы, халық жазушысы Иван Щеголихиннің өскен елі.
Қарабалық ауданы агроөнеркәсіп кешені саласында елеулі үлес қосып келеді. Тәуелсіздік жылдарында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 64 млрд теңгеге дейін ұлғайды, 8,5 млн тоннадан астам астық жиналды. Осы жылдың 8 айында Ауыл шаруашылығы өнімдерінің (қызметтерінің) жалпы шығарылымы 28 млрд 283 млн теңгеге жетті.
Аудандағы егін жинау науқаны үш апталық үзілістен кейін қайта басталды. Азаматтардың сапалы өмір сүру деңгейін жақсарту үшін жағдай жасалуда. Соңғы екі жылда Боскөл ауылындағы шекара заставасының әкімшілік ғимараты, Гурьянов ауылы, Тоғызақ жалпы білім беретін мектебі, аудандық аурухана, «Улыбка» және «Айналайын» балабақшалары мен «Жас Талап» мектеп жанындағы интернатына көгілдір отын тартылды.
«Ел қорғаны – Ер маңдай» ат спорты мерекесі аясында бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге алу, күрестен нағыз шеберлер өнер көрсетті.
Солардың бірі – он жылдан астам уақыттан бері көкпармен айналысып жүрген Заречный кентінің тұрғыны Нұркен Омаров.
«Осындай жоғары деңгейде жарыс ұйымдастырған аудан әкімдігіне алғыс айтамыз. Қостанай облысында ат спорты дами берсін. Осы уақытқа дейін ауданаралық, облыстық, 2018-2019 жылдар аралығында ересектер арасында ҚР чемпионы болдым. Қостанай облысы бойынша ұйымдастырылған 4 фестивалде 16 команда ішінен 3 орынды иелендік», – дейді көкпардан спорт шебері, «Көкжал» командасының капитаны.
Көкпар қорытындысы бойынша “Көкжал” командасы 1 – орынды иеленді, 2 – орын Қарабалық ауданының командасына бұйырды, 3 – орынды «Олжа» командасы қанжығылады, 4 орын Б. Майлин ауданының командасы місе тұтты.
Құнан бәйгеде бірінші орынды Қостанай қаласының шабандозы Әли Мансур иеленіп (ат иесі Чалых Александр, Қостанай қаласы), Топ бәйгеде тағы бір қостанайлық Айтпай Олжас топ жарған еді (ат иесі Серік Смағұлов Қостанай қаласы).
Тоғызқұмалақтан қыздар арасында Меңдіқара ауданынан барған Жансая Смаилова бірінші орын алды. Ерлер арасында рудныйлық Рауан Мнайдаровтың мерейі үстем болды. Қазақ күресінен ашық облыстық турнирінде 82 келіден жоғарғы салмақ дәрежесінде 1 орынға арқалықтық Асылан Сағитбек ие болды. 82 салмақ дәрежесі бойынша бірінші орынды Арқалық қаласының палуаны Жаслан Бекболат еншіледі. 66 келі салмақ дәрежесінде бірінші орын Қостанай ауданынан қатысқан Талғат Шегеновке бұйырды. Барлық жеңімпаздарға диплом мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Мерекелік кеште ауданның дамуына үлес қосқан ардагерлерге мерекелік құттықтаулар мен медалдар табысталды. Қарабалық ауданының «Құрметті азаматтары» марапатталды. Олардың қатарында археолог, ғалым, педагог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» Жакен Таймағамбетов те бар. Жакен Қожахметұлы 460-қа жуық ғылыми еңбектің, оның ішінде 35 монография мен 50 кітаптың авторы. Оның басшылығымен 2 PhD докторы, 9 ғылым кандидаты, тарих, археология бойынша ондаған магистрлер шықты.
«1953 жылы 14 желтоқсанда Қостанай облысы Қарабалық ауданында дүниеге келдім. 1979 жылы Қазақ мемлекеттік университетін (Қазіргі ҚазҰУ), ал 1983 жылы КСРО Ғылым Академиясының (Новосибирск) Сібір бөлімінің тарих, филология және философия институтын бітірдім. «Қазақстанның палеолиті» тақырыбы бойынша докторлық диссертация қорғадым. Осынша жылғы еңбегімді елеп-ескеріп атақ беріп жатқан аудан басшылығына ризамын. Туған жеріміз дамып, гүлдене берсін. Қарабалықтан шыққан атақты ғалымдар қатары көбейе берсін», – деді Жакен Қожахметұлы.
Мерейтой аудан орталығындағы алаңда қазақ эстрадасының жұлдыздарының концертіне ұласты. «Bro» дуэті мен әнші «AUKA» өнерін көрсетті. Мерекелік іс шаралар «Киелі өлке, құт мекен» мерекелік бағдарламасымен түйінделді.
«Қарабалық ауданының 95 жылдығы жоғары деңгейде өтті деп сенімді айта аламын. Таң атқаннан бастап аудан тұрғындары мен қонақтары үшін көңіл көтеретін ғана емес, сонымен қатар танымдық қызықты іс-шаралар орын алды. Ал кешіміздің жұлдызды қонақтары өздерінің шығармашылығымен адамдарды тіпті таңқалдырды. Соңғы жылдары ауданымыз көркейіп, жаңа нысандар салынып жатыр. Бұның бәрі халықтың игілігі үшін жасалып жатқаны қуантады. Ауданымыз мәңгі жасай берсін!», – дейді аудан тұрғыны Алина Грозных.
Әсел ҚИБАШ
Суреттерді түсірген Б.Мейрамұлы.
Қарабалық ауданы.