«AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесінің мүшелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауын талқылады.
Жиынға қатысушылар Жолдауда әлеуметтік-экономикалық реформаға басымдық берілгендігін атап өтіп, оның ауылды аймақтар мен ауылшаруашылығына қатысты тұстарын, атап айтқанда, су мәселесіне және отандық агроөнеркәсіп кешеніне байланысты үкіметке берілген тапсырмалар, атом энегетикалық станциясын салу жөнінде референдум өткізу жайлы Президенттің ұсынысына баса назар аударды.
«Өздеріңізге мәлім, былтырдан бері елімізде ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары жүргізілді. Не бары, бір жарым жылдың ішінде көптеген өзгеріс жасалды. Оған баршаңыз куә болдыңыздар, реформаны жүзеге асыру үшін белсенді түрде жұмыс істедіңіздер. Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды», – деді Қырмызы Жаңбыршина.
Сондай-ақ, кеңес мүшелері жиында «Тіл мерекесінің» жоспарын талдау және бекіту және «Тіл тамыры – Отбасы» атты байқаудың өткізу барысын қарастырды. Отырыс қортындысы бойынша кеңес мүшелері бірауыздан тіл мерекесін 8 желтоқсанда атап өту туралы шешім қабылдады.
«Тіл мерекесіне орай «Тіл тамыры – отбасы» байқауына басымдық беріледі. Байқауды ұйымдастыру және өткізу үшін «Тіл жанашырлары» құрамы қатарынан жұмыс тобы құрылады. Жұмыс тобының мүшелері аталмыш байқаудың шарттары мен талаптарын белгілейді. Байқауға облыс қалалары мен аудандарындағы жалпы білім беретін мектептердің мемлекеттік тілді жетік меңгерген білім алушылары мен олардың ата-аналары қатыса алады», – деді «AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалының төрағасы Бибігүл Аққожина.
Қала мен аудан деңгейінде өткізілген байқау жеңімпаздары облыстық кезеңге қатысуға жіберіледі. Облыстық байқау қатысушылардың өтінімдері негізінде жүзеге асырылады.
Әсел ҚИБАШ