Арқалық қаласына қарасты бұрынғы Жаңақала ауылының атауы «Әбдіғапар хан ауылы» деп қайта аталғаны белгілі. Осыған орай, ауылдың ресми атауының тұсауы кесіліп, түрлі іс-шаралар өткізілді.
Ауылдың жаңа атауы жазылған стелла, футбол және балалардың ойын алаңы, көше тренажеры салтанатты түрде ашылды. Айта кету керек, аталған нысандар Әбдіғапар Жанбосынұлының ұрпағы Марат Мырзағалиұлының демеушілігімен салынған.
Іс-шараға қала әкімі Әмірхан Асанов қатысып, игілікті істердің бастамашысы болған азаматқа алғысын айтып, тарихын ұлықтаған елдің ертеңі жарқын болатынын тілге тиек етті. Оқушыларға спорттық киімдер мен доптарды сыйға тартты. Қаладан арнайы барған қонақтар ардагерлер, зиялы қауым өкілдері ауыл сыртындағы Әбдіғапар Жанбосынұлының кесенесіне барып, баба рухына тағзым етіп, құран бағыштады. Ас беріліп, Әбдіғапар ханның халқының болашағы жолындағы күрескер тұлғасы насихатталды.
«Ауылымыздың атауының өзгеруі елдімекеннің жандануына көп үлесін тигізіп жатыр. Елдің еңсесі көтеріліп қалды. Спорттық алаңдар үлкен-кішінің бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы жағдай туғызуда. Осы іске атсалысқан Әбдіғапар ханның ұрпақтарына, қала басшылығына алғысымызды білдіреміз», – дейді ауыл әкімі Мереке Қарин.
Бүгінде шалғайдағы ауылда үш жүзге жақын халық тұрады. Ауылдың Қараторғай жалпы білім беретін негізгі мектебінде 33 бала білім алады.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы