Еңбек ардагеріне құрмет

Еңбек ардагеріне құрмет

 

Торғай өңіріндегі алғашқы провизор, Ұлы Отан соғысы кезінде еңбек майданында белсенділік танытып тылда қызмет істеген, Денсаулық сақтау саласының үздігі, Еңбек ардагері Мизанбай Жайлибаевтың еңбек жолын алғаш бастаған Аманкелді аудандық орталық ауруханасына ескерткіш тақта қойылды.

Жайлибаев Мизанбай Жайлибайұлы 1933 жылы Қостанай облысы, Науырзым ауданы, Дәмді ауылында дүниеге келген. Орта мектепті Аманкелді ауданында бітіріп, Алматы мемлекеттік медицина институтының фармацевтика факультетінде білім алған. Оқуды аяқтаған соң Аманкелді ауданына жолдама алып, аудандық дәріхананың меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Бұл қызметте табан аудармай 1957 – 1994 жылдар аралығында еңбек етті.

— Мизанбай Жайлибайұлы қажырлы осы еңбегінің арқасында «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл» мерейлі төсбелгісі, «Денсаулық сақтау саласының үздігі», «Еңбек ардагері», «Тың игерудің 50 жылдық құрметіне» қажырлы еңбегі үшін медальдармен марапатталды. Тұлғаның есімі дәріхана жүйелері бойынша облыстық және республикалық тақтаға да енгізілген. Ел үшін еңбек етіп, маңдай терін төккен тұлғаға жасалған құрмет өскелең ұрпаққа үлкен үлгі. Бұл тақта маңдай тердің айқын көрінісі, — дейді аудан әкімінің орынбасары Сүндет Жолдыбекұлы.

Сүбелі іс-шараға ел тізгінін ұстаған азаматтар мен абыз ақсақалдар, денсаулық саласының ардагерлері қатыстысқанын да айта кетейік.

 

Бейбіт Нұрмұханов,

Аманкелді ауданы

Жаңалықтармен бөлісу