«Жарқын жаз» балаларға жарқын көңіл сыйлады

«Жарқын жаз» балаларға жарқын көңіл сыйлады

Биыл Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының  ұлттық құндылықты дәріптеуді мақсат еткен «Жарқын Жаз» жобасы Қостанайда екінші рет ұйымдастырылуда.

Балаларға әр іс-шараны қызықты ету үшін бағдарламалар өзгеріп отырады. Бұл жолы балаларды ертегі кейіпкері Алдар көсе қарсы алды.

 

–Биыл «Жарқын жаз» жобасы балаларды қорғау күні мерекесінен бастау алды. Басты мақсат –  ұлттық мұраны насихаттап, ұмыт болып бара жатқан жоралғыларды жаңғырту. Бұған дейін Достық үйінде балаларға арналған үлкен іс-шара өткізілді. Жоба барысында оннан аса шағын аудандарда жазғы демалысқа шыққан балаларға арналған сахналық қойылымдар, түрлі байқаулар ұйымдастырылуда, – дейді аналар кеңесінің үйлестірушісі Динара Әмірова.

 

Облыстық аналар кеңесінің авторлық жобасымен ата-аналарға психолог кеңесін тегін алуға мүмкіндік туды.

 

–Іс-шараға қызымды ертіп әкелдім. Кеш өте қызық. Бұндай жобалар балалардың бос уақытын тиімді өтуіне ықпал етеді. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін, – дейді қала тұрғыны Гүлжаз Сүлейменова.

 

Қостанай қаласының кішкентай тұрғыны Кәусар бұл іс-шараға алғаш рет қатысып отырғанын айтады.

 

–Маған бұл жерде бәрі қызық. Әсіресе, Алдар Көсе қатты ұнады. Сахнада өнерін тамашалап, онымен ойнадық.  Демалыстағы ерекше әсер алған бұл күнді ешқашан ұмытпаймын, – дейді Кәусар Қанатқызы.

 

Кеште викториналық сұрақтар қойылып, театрландырылған көрініспен аяқталды. Әр сайыс сайын бүлдіршіндерге тәтті сыйлықтар табысталып отырды.

 

Әсел ҚИБАШ

Суреттерді түсірген Б. Мейрамұлы

Жаңалықтармен бөлісу