Бірлігі жарасқан ауыл

Бірлігі жарасқан ауыл

Қостанайдан шамамен қырық шақырым жерде Жуковка деп аталатын аядай ғана ауыл бар. Жері шүйгінді, егін егіп, мал бағуға аса қолайлы. Қаладан солтүстік шығысқа қарай кең жазықты алып жатқан елді мекен кезінде Александров кеңшарының үлкен бөлімшесі болатын.

Соңғы он-жиырма жылдың айналасында ауылдың көркі кете бастады. Шаруашылық күйреді, жұмыссыз жастардың қатары қалыңдап, көбі қалаға қарай безді. Салдарынан мектепте бала саны азайды. Бүгінде Жаңа Қазақстанның арқасында ауылды қайта түлету бағдарламасы қолға алынып жатқан жайы бар. Өңірімізге белгілі кәсіпкер, аймағымызда шұжық өнімдерін өндіруді кең көлемде іске асырып, брендін қалыптастырып үлгерген Валерий Розумович осыдан үш жыл бұрын осы ауылдан құс фабрикасын ашты. Жүзден астам жұмыс орны пайда болды. Соның арқасында ауылды қайта түлету жобасы басталды. Онда ауыл тазалығына да аса мән берілген. Әр сенбі сайын сенбілік өтеді. Қоқыс шығарылып, аулалар ретке келтіріледі. Осы жұмыстар үшін кәсіпкер 690 млн теңге бөліп отыр. Мәдени өмір алға басып келеді. Ауылдың жергілікті өнерпаздары жыл сайын алдыңғы орындардан көрініп жүр. Әр меркелік маңызы бар іс-шараларды ауылға халқы жұмыла атқаруға бейім. Ауыл адамдарының берекелі бірлігінің арқасында ұйымдастырылған ауыл күні мерекесі де осы сөзімізге дәлел іспетті.

Ауылдықтар сахнада өнер көрсетті, би биледі, ән салды. Бұл іс-шараға аудандық мәдениет үйі мен жақын ауылдардың өнерпаздары да атсалысқанын айта кетейік.


Бауыржан Жақсыбаев осы ауылға ауылды жаңғырту бағдарламасы бойынша көшіп келіп, мал дәрігері болып қызметке кіріссе де осы іс-шараның басы-қасында жүгіріп жүр.

“Жуковка ауылын жаңғырту бағдарламасы бойынша маман болып келіп жатырмын. Мал дәрігермін. Шаруа қожалығы басымызға үй берді. Жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Отбасымды, ата-анамды осы ауылға көшіріп алып келдім. Ауылда керектің бәрі бар. Газ, су үйге кіргізілген. Жол салынуда, көшелер жарықтандырылды. Ауыл тазалығы өте жоғары деңгейде сақталып отыр. Осы жұмыстың бәріне өзіміз жұмылып, іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге тырысамыз”, – дейді ол.

Иә, ауыл іші көркейтілуде. Ұзын көшелерге келер жылы асфальт төсеу жоспарланыпты Электр желілері қалпына келтірілген.

 

“Бұдан үш жыл бұрын ауыл қиын жағдайда болатын. Мектепке бала жетпеді. Бар-жоғы 32 бала болды. Негізгілері қалып, қалғаны қатынап оқуға тура келді. Кейін көпбалалы отбасыларды тартуға мүмкіндік туды. Үш жылда он алты үй салынды. 12 отбасы көшіп келді. Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында болып, жұмыссыз жүрген отбасыларды қарастырдық. Ауыл ішінде әлеуметтік салада ілгерілеушілік көп. Мектебімізге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кезінде халықта ауылда тұруға аса қызығушылық болмаған, қазір бәрі басқаша. Мәдениет үйі салынды, Валерий Розумович жарық жағына көмектесті. Жүз орындық жаңа мектеп салу жоспарда бар. Тағы он үй салынады. Оңтүстік өңірден он отбасы көшіп келгелі жатыр”, – дейді Александров ауылының әкімі Руслан Кембаев.

Бүгінде ауыл тұрғындары елді мекен атауын өзгерту туралы кеңесіп жүргенін айтады. “Біз күшімімізді біріктіріп келеміз. Біздің ауылға жарасымды атау – “Бірлік” деседі ауылдықтар.

 

“Үш жылда халық ұсынысымды жылы қабылдады. Құс фабрикасын аштық. Ауылды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып, әлі күнге дейін соның қамымен жүрген жайымыз бар. Он алты пәтер, ауыл клубы салынды, мини маркет тұрғызылды, бала-бақша ашуды жоспарлап отырмыз. Мектепте балалар көбейіп келеді. Отыз баладан бүгінде алпыстан асып барады. Бәрі дерлік қоғамдық жұмыстармен айналысады. Олардың көбі қазақ тілін оқып үйреніп жүр. Балалармен қатар біз де қазақ тілін үйреніп жатырмыз”, – дейді кәсіпкер Валерий Розумович.

Жарас Ерсайынұлы осы ауылдың жергілікті азаматы. Өзі жеке кәсіпкер. Азғантай мал бағып, құс өсіріп отырған жайы бар. Қолы қалт еткенде ауыл жастарының тәрбиесіне қатысты қоғамдық жұмыстармен айналысады.

“Бұл менің ата-бабамның жері. Осында туып-өстім. Бала кезімнен бәрі көз алдымда. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қаңырап қалған ауылға бүгінде қан жүгіріп жатыр. Адамдардың жұмыстары бар. Жағдай жақсаруда. Көп нәрсе істеліп жатыр. Жол салынуда. Соған бәріміз қуана атсалысып жатырмыз. Газдың келгеніне бес-алты жыл болды. Әр үйге су келіп тұр. Қаладан басқа қай жеріміз кем?! – дейді Жарас.

Ауылдың жас тұрғыны Дмитрий Сергеевичтің де туып-өскен ауылының күн санап құлпырып жатқанына көңілі ала бөтен.

“Соңғы жылдары ауыл қалпына келтіріліп жатыр. Жастар демалатын жерлер бой көтерді. Мерекелік кештер өтіп тұрады”, – дейді ол.

Осындай ауыл азаматтары көбейіп, бүтіндей қазақ ауылдары қайта түлей берсе, нұр үстіне нұр!

Айбек Ғалымұлы

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу