Іс-шара қаланың дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жаңа жобалардың басталуына орай ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде:
«Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Бұдан бөлек, Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн», – деп Арқалықтың дамуына айрықша назар аударған болатын.
Бұл жобалар Арқалықтың дамуына тың серпін беріп, көлік қолжетімділігін арттырып, жергілікті халық пен бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Акция барысында шеру, флешмоб өткізіліп, жас көшбасшылар мен белсенділер сөз сөйледі. Сондай-ақ, қала өнерпаздарының күшімен патриоттық әндерден түзілген концерт берілді.
Ұйымдастырушылар Арқалық тұрғындары мен қонақтарын туған қаласының жаңғыруына және дамуына бағытталған жарқын оқиғаға қатысуға шақырды.
Қаланың орталық «Демалыс саябағында» өткен патриоттық акция одан әрі би кешіне ұласты.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы